Жетісу облысында облыстық маңызы бар жолдардың сапасы сын көтермейді

Жетісу облысындағы «Қарабұлақ – Көксу – Қоғалы – Сарыөзек» бағытындағы тасжолдың сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды 24kz.

Жолдың беткі қабаты уатылып, балшығы шығып жатыр. Тұрғындардың аудан орталығы мен Талдықорғанға қатынауы қиындап кетті.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- «Қарабұлақ – Көксу – Қоғалы – Сарыөзек» бағытындағы жолдың ұзындығы 200 шақырымнан асады. Соның 90 шақырымы 2015 жылы орташа жөндеуден өтті. «Биылға дейін тәп-тәуір тұрған асфальт көктем шыға бүліне бастады», - дейді жүргізушілер.

Есбол Байботанов, Онжас ауылының тұрғыны:

- ГЭС жасап жатыр ғой. Солардың ауыр тракторлары ма екен. Солар ойып тастап жатыр ғой. Бір айдай болды, ешкім хабарсыз жатыр. Жол жасалмаған қиын жүргенімізге. Көрмеген адам көлігін құртады. Жасап беруін сұраймыз.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қарабұлақ пен Рудничный аралығындағы жолдың ең қауіпті бөлігі осы. Қазір бұл жердің асфальті уатылып, астындағы топырағы шығып жатыр. Сондықтан жүргізушілер қарсы бетке шығып ой-шұңқырды айналып өтуге мәжбүр.

Тұрғындардың шағымынан кейін облыстық басқарма мамандары жолдың аталған учаскесін тексеріп шықты. Олар қанша шақырым жолдың бүлінгенін  анықтады.

Нұрлан Талдыбаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Ауыр салмақты жүк көліктерінің жүргенінің кесірінен жолда ақаулар шығып жатыр. Ақаулардың шыққаны 5 шақырымдай болады. Жүк көліктерін жүргізіп жатқан компания мен келісімшарттар жасалып жатыр. Жаңағы компания өз қаражатына жолды қалпына келтіріп береді құртылған учаскелерді.

Екі аудан, бір қала аумағымен өтетін жолдың бүлінген жерін бүтіндеу жұмыстары қашан басталатынын жауаптылар нақты айта алмады. Биыл өңірдегі 152 шақырымға асфальт төсеп, көлік қозғалысын жақсартуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов