Шерзат Полат ісі: басты сот талқылауы өтті

Талдықорғанда Шерзат Полаттың қазасына қатысты басты сот талқылауы өтті, деп хабарлайды 24KZ. Сот отырысы қатысушылардың құқығын түсіндіріп, талаптарын тыңдаудан басталды. Осыны пайдаланған қос тараптың қорғаушылары процесті Алматыдағы ЛА72 мекемесінде өткізуді сұрады. Бірақ өтініш қанағаттандырылмады. Бұдан кейін қорғаушылардың бірі айыптау актісімен толық танысу қажеттігін айтты. Соған сәйкес прокурорлар қайғылы жағдайдың басынан аяғына дейінгі оқиғалар тізбегін түгел баяндады.

Бірнеше сағатқа созылған отырыс барысында бірқатар факті анықталды. Әрі күдікті ретінде ұсталған 9 адамның төртеуі бұрын да істі болып, бас бостандығынан шектелгені белгілі болды. Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушылар сот-медициналық сараптама қорытындысын жариялады.

Дана Сәрсенбай, Жетісу облыстық прокуратурасының прокуроры:

- Іс бойынша жүргізілген 01.10.2024 №173 сот медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне зақым келтіре отырып, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып, кесілу нәтижесінде дамыған ауыр қан жоғалту нәтижесінде болды. Өлім 2024 жылдың қазанында 01:30 Талғар орталық ауруханасының стационарында расталды.