Ақмола облысының шаруалары 5 млн 400 мың гектар жерге дән екпек
Ақмола облысының шаруалары биыл 5 млн 400 мың гектардан астам жерге дән екпек, деп хабарлайды 24KZ. Қазір аймақ диқандары алдағы егістік науқанына қызу дайындалып жатыр. Көкшетауда өткен жиында шаруалар мен салаға жауаптылар көктемгі дала жұмыстарының дайындығын пысықтап, қордаланған бірнеше мәселені талқылады.
Бұл аймақ диқандарының биылғы алғашқы басқосуы. Негізгі тақырып – егіс науқанына дайындық. Агрожиында тұқым қоры, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту және мемлекеттік қолдауларды уақытында үлестіру мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, биыл өңірдегі егіс алқабы ұлғайды. Әсіресе әртараптандыру арқылы майлы дақылдарға көп көңіл бөлінеді. Қазір өңірде ылғал жабу жұмыстары басталды. Шаруалар алдағы науқанға толығымен дайын екенін жеткізді.
Айбат Есентұров, шаруа:
- Біздің шаруашылық 100% дайын деуге болады. Техникамыз дайын тұр, сақадай-сай. Жанармайымыз бар. Кадрларымыз бар. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан өте қолайлы, ыңғайлы несиелер беріліп жатыр. Уақытында қаржы болғаннан кейін, уақытында біз дайындығымыз да мына жанар-жағармай болсын, темір бөлшектер болсын, бәрін уақытында алғаннан кейін дайындық та тез арада болады.
Соңғы екі жыл өңір диқандарына оңай болмады. Күзде жауған жауын-шашын шаруаларды біраз әбігерге салды. Тіпті кейбірі егіннің түсімін емес, шығынын есептеп әлек болды. Биыл да олар күздегі жауын мен жаздағы құрғақшылықтан қауіпнетеді. Сондықтан алдын алу шараларын жасап жатыр.
Айбат Есентұров, шаруа:
- Дайындық болғанда, егін сепкен кезде, мысалы, «лапка» дейді, «наральный дискімен» сеуіп жатырмыз. Сол сепкенде көктемгі ылғалымызды, қазіргі мол ылғалды сақтап қалу. Ол өсімдікке әрмен қарай қолдану үшін.
Ал көктемгі егіс науқанын қаржыландыру былтыр желтоқсан айында басталды. Бұл фермерлерге тұқымды, тыңайтқышты ерте сатып алуға және техникаларын қамдауға мүмкіндік берді. Мәселен, «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары бойынша өңір диқандарынан 606 өтінім түсіп, соның 413 мақұлданған.
Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Бүгінгі күні тауар өндірушілерден жалпы 94 млрд теңгеден астам қаржыға өтінімдер келіп түсті. Соның 67 млрд теңгесі шаруалардың қолына берілді. Бұл өз кезегінде шаруалардың сапалы тұқым, сапалы минералды тынайтқыштар, сапалы агротехникаларды, жұмыстарды жүргізуге өз септігін тигізіп отыр.
Көктемгі дала жұмыстарына биыл 37 мыңға техника жұмылдырылады. Оның жартысына жуығы – осындай комбайн, тракторлар. Сондай-ақ Үкіметтен жеңілдетілген бағада 82 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Ал науқан мамыр айының басында басталады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко