Елімізде алғаш нәрестелерге арналған ана сүтінің банкі ашылды
Алматыдағы Перинатология және кардиохирургия орталығында «Жеке ана сүті банкі» ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Мұндай әлемдік тәжірибе Қазақстанда алғаш рет енгізілді. Бұл туралы «Салауатты ұрпақ – Қазақстан болашағы» атты III Халықаралық конференцияда айтылды. Енді шала туған немесе қиындыққа тап болған нәрестелерге анасының сүті беріледі. «Стерильді жағдайда жиналған сүтті арнайы тоңазытқышта 6 айға дейін сақтауға болады», - дейді дәрігерлер. Бүгінде Алматыда аяғы ауыр әйелдердің өлімі 4%-ке, ал нәрестелердің шетінеуі 38%-ке азайған. Орталықта 40 жүкті әйелге фетальдық операция жасалды. Оның ішінде 12 әйел сәбиін аман-есен дүниеге әкелген. Қалғандардың да жағдайы операциядан кейін жақсарған. Отаның бұл түрі шаранаға құрсақ ішінде жасалып, баланың аман-есен дүниеге келу мүмкіндігін арттырады.
Ләззат Оңалбаева, қалалық перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының бөлім жетекшісі:
- Мерзімінен ерте туған нәрестелер реанимацияда жатқан кезде олардың жағдайлары емге дайын емес әлі. Сондықтан анасының сүтін жоғалтпас үшін, лактацияны көбейту үшін осы іс-шаралар өте пайдалы.