Қ.Тоқаев: Су құбыры мен кәріз желісінің тозуы аса күрделі мәселе
Маңғаз Маңғыстаудың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған келелі кеңесте Президент ескірген су құбыры мен кәріз желісінің жағдайын аса күрделі мәселе деп атады.
Ақтау қаласында тозу көрсеткіші 77%-ке жеткен. Соның кесірінен судың 16%-і ысырап болып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев тіршілік нәрімен қамтуға мән берді. Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты суларын игеруге қатысты жобаны жан-жақты пысықтап, экономикалық тиімділігін зерттеуді тапсырды. Сарапшылар Маңғыстауға дейін су құбырын тартуды ұсынып отыр. Оның ұзындығы шамамен 1400 шақырым болады, күніне 170 мың текше метр су өткізеді. Сол арқылы 1,2 миллион адамды тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге және оның көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Оған қоса Президент шалғайдағы малшылардың өз бетімен құдық қазу туралы бастамасын құптарлық іс деді. Бұл жұмысқа 100 миллион теңге қажет. Кемінде 50 малшы тіршілік көзіне қол жеткізеді екен. Президент мәселені пысықтап, ұсынысқа қолдау білдірді.