Сот отырысында Шерзат Полаттың қайтыс болуына қатысты тың деректер айтылды

Талдықорғандағы сот отырысында Шерзат Полаттың қайтыс болуына қатысты тың деректер айтылды, деп хабарлайды 24kz.

Марқұмның анасы Гүлбара Бишембиева сотта берген жауабында оқиға кезінде тағы бір туысы – Нұрғанаттың да пышақ жарақатын алғанын хабарлады. Оның айтуынша, Шерзатқа – Абзал Шынасыл, ал Нұрғанатқа – Равиль Сәкиев пышақ салған. «Оқиға орнында қыздар да болды. Біз жедел жәрдем мен полиция шақырыңдар дегенде, олар тас лақтырып, қарап тұрды», - деді Гүлбара Бишембиева. Марқұмның әжесі Жұмабике Қадырова да сотта куәлік берді. Ол сол күні Абзал Шынасылды көргенін, әрі Шерзатқа қарай бара жатқан кезде дәл сол азаматтың өзін итеріп құлатқанын айтты. Сонымен бірге күдіктілердің бұл қылмысқа алдын ала дайындалып келгенін атап өтті. Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов та сот алдында өз шындығымен бөлісті. Оның айтуынша, Равиль Сәкиев, Абзал Шынасыл, Шыңғыс Белғожаев және Азамат Тоқтаубаевтың қолында пышақ болған. Ал ұлы пышақталғаннан кейін Нұрқияс Ілиясов оны мылтықпен ұрған. «Ұлымды көлікке отырғызғанда тамыр соғысы білініп тұрды. Бірақ ауруханаға жеткенше тіршілік белгісі байқалмады», - деді ол. Сөзінің соңында ол қылмыскерлердің жазасыз қалмауын, әділ шешімнің қабылдануын талап етті. Сотта куәгерлер Мирас Сәрсенбай мен Эльмира Нұрбекова да жауап берді. Олар сол күнгі оқиғаны естеріне түсіріп, болған жайттармен бөлісті. Сот төрағасы келесі процесті 28 және 29 сәуір күндеріне тағайындады.