Тікелей сайлау жүйесі: ауыл әкімдерінің 97% халықтың таңдауы бойынша сайланды
Тікелей сайлау жүйесі саяси реформалардың ашықтығы мен бәсекелестігін арттырады, деп хабарлайды 24kz.
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы әкімдердің сайлауына қатысты осындай пікір білдірді. Бұған дейін де халық ауыл әкімдеріне дауыс беріп көрген. Бұл саяси үрдістің нәтижесі қандай болды? Қазір қанша ауылдың басшысын тұрғындар таңдаған?
Серік Селеубайұлы, тілші:
- 2021-2024 жылдар аралығында 2641 әкім сайланды. Олардың шамамен 70%-і осы лауазымға алғаш рет келді. Жалпы ауыл әкімдерінің 97%-тен астамын халық таңдаған. Бұл елімізде децентрализация үрдісінің жүріп жатқанын көрсетеді. Яғни, бір орталықтан басқарудан жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдарға жауапкершілік пен еркіндік беруге ауысу процесі. Бұл өңірдегі азаматтардың сайлау туралы түсінігі қалыптасып, өзі тұратын аймақ басшысын таңдаудың маңыздылығын түсінуге мүмкіндік берді. Мәселен, Қарағанды облысында ауылдық округ басшыларынан бөлек, пилоттық режимде бірнеше аудан әкімі сайлауы өткен. Сол өңірдегі саяси науқандарға белсене қатысқан «Amanat» партиясының өкілі Бекзат Алтынбеков: «Азаматтардың саяси мәдениеті қалыптасып келе жатыр», - дейді.
Бекзат Алтынбеков, «Amanat» партиясы қарағанды облыстық филиалының төрағасы:
- Алғашқы кезеңде біз мына үрдістен қорыққан болатынбыз. Рушылдық, атаға тарту, ағайынның аты озғанша ауылдастың тайы озсын деп ежелден келе жатқан дүниелер қайтадан көрініс тауып қала ма? Рушылдық, руға бөліну, жүзге бөліну. Жоқ, кейінгі сайлаулардың барлығында халық іскер, білімді және ел үшін жұмыс жасайтын азаматтарды таңдауда жаңылыспай келе жатқандығын көріп келе жатырмыз.
Қазір аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерін қайта даярлау бағдарламасын әзірленген. Арнайы бағдарламада жергілікті өзін өзі басқару мәселелерін тиімді шешу және әкімдердің кәсіби және басқарушылық құзыреттерін арттыру есебінен тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. Осылайша, әкімдер өзі жауапты өңірдің кез-келген қиындығын шеше алатын білікті менеджерге айналмақ. Бұл оның сайлаушылар алдындағы міндетін толық орындауға мүмкіндік береді.
Айгерім Абдрашитова, ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы:
- Кез-келген адам сайланған кезде белгілі кезеңге ғана сайланады ғой. Төрт жылға ғана сайланады. Демек, бұл келген адамға осы шамалы уақыт ішінде барынша жұмыс жасап, барынша нәтиже көрсетуге итермелейді. Өйткені келесі жолы ол осы қызметті ары қарай жалғастырғысы келетін болса, қайтадан сайланғысы келетін болса, ол бірінші кезекте өзінің сайлаушыларына жұмысының нәтижесін көрсетуі керек.
Сонымен қатар қазір ауылдық бюджеттердің қаржылық дербестігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығының бөліктері, су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемдер, белгілі бір қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым және ол лицензияларды пайдаланғаны үшін алынатын төлемдерді жергілікті бюджетке беру жоспарланған.