Елде 24 «Кітап-Amanat» орталығы жұмыс істеп тұр

Еліміздегі шағын қалалар мен аудан орталықтарында «Кітап-Amanat» орталықтары ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Бүгінде «Amanat» партиясының қолдауымен осындай 24 орталық іске қосылған. Мұндай орталықтар кітаптың қолжетімділігін қамтуды көздейді. Себебі көркем әдебиет пен өзге де шығармалар көбінесе ірі қалаларда сатылады. Ірі дистрибьюторлердің кесірінен кей кітаптың үстемеақысы 60-тан 100%-ке дейін жетеді. Ал «Кітап-Amanat» орталықтарында кітаптар нарық бағасынан арзанға ұсынылады. Бұл туралы партияның қоғамдық саясат институты «Talqylau» диалог алаңындағы кезекті отырыста айтылды. Сонымен бірге орталықтарда әдеби кештер, авторлармен кездесу ұйымдастырылады. Сондай-ақ отырыста мектеп қабырғасындағы кітапханалардың қызмет сапасы мен балалардың кітап оқу әдеті талқыланды. Іс-шара аясында қазақстандық заманауи әдебиеттің көрмесі өтіп, жас авторлардың жаңа кітаптары, сондай-ақ классикалық әдебиет туындылары ұсынылды.

Дәулет Кәрібек, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы:

- Ең үлкен маңыздылығы жөнінен Конституциялық реформадан кейінгі салық реформасы жүріп жатыр. Сол салық реформасы аясында отандық баспагерлерге арналған ҚҚС-тан босатуды ұсынып отырмыз. Біз бастаған үлкен жобалардың бірі – «Кітап-Amanat» жобасы. Жалпы біз осы ағартушылық бағытында, үздіксіз білім алу бағытындағы жұмысымызды үнемі жүйелі түрде жалғастырып келеміз. Сол себепті біздің «Кітап-Amanat» жобасының ең негізгі мақсаттарының бірі Қазақстан халқын кітапты ең көп оқитын 10 мемлекеттің қатарына кіргізу арманымыз, мақсатымыз бар. Оған нар тәуекел деп кірісіп отырмыз.