Халық сайлаған ауыл әкімі үмітті ақтап жүр ме?
Түркістан облысындағы Байылдыр ауылына газ берілді, деп хабарлайды 24KZ. Енді тұрғындар көптен күткен көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Көп жыл бойы жөндеу көрмеген көшелерге асфальт төселіп, жаяу жүргінші жолдар салынып жатыр. Халық бұндай игілікке өздері сайлап алған әкімдерінің арқасында қол жеткізгендерін айтады.
Бекзат Бимұхамбетов Байалдыр ауылына әкім болып былтыр сайланды. Жеке кәсіппен айналысқан ол бірден елді мекеннің әлеуметтік мәселесін шешуге кірісті. Биыл ауылға газ келді. Көгілдір отынды көптен күткендердің бірі – Үрзада Құралбаева.
Үрзада Құралбаева, Байылдыр ауылының тұрғыны:
- Өзіміз болсақ, талай жыл от жақтық. Енді жастарымызға рақат болды. Қартайған шағымызда бізге де жақсы болды. Ауыл әкіміне, қала әкіміне алғысымыз шексіз. Бекзат баламыз келгелі бері ауылымызда көп өзгеріс болып жатыр. Қарапайым маршруттың өзі біздің ауылда мұң болған еді. Екі маршрутты қойып, графигін сызып берді.
Байылдыр ауылында 300-ден астам түтін, 1620 тұрғын бар. Мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, кітапхана мен пошта бөлімшесі жұмыс істейді. Бірақ осы уақытқа дейін ауыл мен қала арасындағы айналма жолдың мәселесі шешілмей келген. Былтыр жаңадан сайланған әкімнің тынымсыз еңбегі арқасында 8 шақырым жолға асфальт төселді.
Әбілда Қанай, Байылдыр ауылының тұрғыны:
- Өткен 2024 жылдың қараша айларында іске қосылып, 2 төселіммен салынып, нәтижесі жақсы болып шықты. Жол қатыснасы қазір қаламен екі ортаға 2-3 шақырымдай қысқарды. Жарық жүйесі де жаңартылып жатыр. Көшенің жарықтандыру жағыда ескіргендерінің барлығын қолға алып, жаңадан сымдарын тартып, жақсы болып тұр.
Ауылда шағын және орта кәсіпкерлік те жанданып келеді. Былтыр 10 адам «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, жеңілдетілген несие алды. Қызмет көрсету орындары, дүкен мен такси қызметі ашылды.
Бекзат Бимұхамбетов, Байылдыр ауылының әкімі:
- Қазіргі енді жоспарымыз – ауылда мал және ауыл шаруашылығын дамыту. Сонымен қатар халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Газ құбыры тартылғанын пайдаланып, жер телімін белігілеп отырмыз. Ол жерге ауылдың кәсіпкерлерін тартып, жылыжайларды орналастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Ауыл ауызсу, жарық, газ және жолмен 100% қамтылған. Атқарылатын шаруа әлі жеткілікті. Байылдыр тұрғындары биыл «Үлгілі ауыл» жобасына қатысуды жоспарлап отыр. Биыл облыста 69 ауыл әкімінің сайлауы болады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш