Павлодар облысында 15 ауыл ішімдіктен бас тартты
Павлодар облысында 15 ауыл ішімдіктен бас тартты, деп хабарлайды 24KZ. Елді мекендерде алкогольді сусынды тұтыну былай тұрсын, сатуға да тыйым салынған. Тұрғындар мен жергілікті атқарушы билік өзара меморандумға қол қойды. Осындай ауылдардың бірі – Құлакөл. Мұнда соңғы жылдары бірде-бір қылмыстық заңбұзушылық тіркелмеген.
Құлакөл – ішімдіктен бас тартқан 15 ауылдың бірі. Дүкендерде алкогольді сусындар мүлде сатылмайды. Полицейлердің айтуынша мұндай шешім ерікті түрде қабылданған. Осының нәтижесінде салауатты өмір салтын ұстанушылар көбейіп, заңбұзушылық тіркелмеген.
Азамат Хабдулинов, Құлакөл ауылының учаскелік инспекторы:
- Осы дүкен иесімен біз арнайы келісім жасап, алкогольден бас тарттық. Олар да өздерінің ұсынысын айтып, келісіп бізбен, қазіргі таңда алкоголь бізде жоқ деуге болады. Сол енді жаңағы ішімдік болған жерде, әрине, ол ұрлық, зорлық–зомбылық болуы мүмкін.
Құлакөлде 500-ден артық адам тұрады. «Ішімдіктен бас тартамыз» деген тұрғындардың бастамасын жергілікті кәсіпкерлер қолдап, алкоголь саудасына тыйым салған.
Шолпан Биязбекова, Құлакөл ауылының тұрғыны:
- Бұрын әлгі ертеде отбасыда ішіп, мазаны ала беріп, ондай енді жүрдік біз. Барып, нетіп, «разборка» анау-мынау. Қазір мына ақырғы екі жылда жоқ.
Ауылдағы кез келген жиын-тойлар спорттық сайыстар мен мерекелік кештермен өтеді. Табиғат аясында демалып, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге уақыт бөлетіндер қатары артқан. Жергілікті халық мұны өзге ауылдарға үлгі етеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев