Ұлттық кітап күні: Қазақстанда кітап апталықтары мен челлендждер өтіп жатыр

23 сәуір – Ұлттық кітап күні. Қазір еліміздің әр өңірінде кітап апталықтары өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Бұдан бөлек, атаулы күнге орай әдеби кештер мен шеберлік сағаттарын өткізу жоспарланған. Мереке қарсаңында әлеуметтік желілерде арнайы челлендж басталды. Жыр эстафетасына қоғам белсенділері өз үлесін қосып, марафонды жақындарына, достары мен әріптестеріне жолдауда.

Дильназ Тұрғазиева, тілші:

- Әлеуметтік желілерде тарап жатқан бейнероликтер мен посттар елімізде алғаш рет мерекеленетін Ұлттық кітап күніне арналған. Челленджді қоғам белсенділері мен студенттер бастады. Цифрлық технологиялар мен гаджеттер дәуірінде кітап оқу өткеннің жәдігеріне айналғандай.

Блиц:

- Мен барша қазақстандықтар мен Қазақстанның жас өскелең ұрпақты, жастарымызды кітап оқуға шақырамын. Мен өзім кітап оқығанды сүйемін, жақсы көремін.

Ұлттық кітап күні аясында «Хабар» агенттігінің ұжымы «Кітап сыйла» акциясын ұйымдастырды. Агенттік қызметкерлері көркем әдебиет, мотивациялық және балаларға арналған жүзге жуық кітапты жинап, ірі сауда орталықтарының бірінде қала тұрғындары мен қонақтарына сыйға тартты. Әр адам өзіне ұнаған кітапты еш кедергісіз алып оқу мүмкіндігіне ие болды. Игі шараның мақсаты азаматтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оқырман мәдениетін қолдау және қоғаммен жылы байланыс орнату.

Дәулетхан Жиенқұлов, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Негізгі мақсатымыз – халықтың рухани білімін жетілдіру. Халықты бір табан болса да кітап арқылы ізгілікке, мейірімділікке жақындату. Өйткені көркем әдебиет қашан болмасын, қай заманда болмасын адамзаттың дамуына үлкен үлес қосқаны сөзсіз.

Елорда тұрғындары да шарадан тыс қалмай, кітапқа деген қызығушылықтарын білдірді. «Бұл мереке ақылына ақы сұрамайтын данышпанды насихаттап, оны көпке дәріптеуді көздейді», - дейді олар. Айта кеткен жөн, бүгінде ел аумағында шамамен 12 мың кітапхана жұмыс істейді. Жалпы қорда 300 миллионға жуық кітап бар.

Құралай Әбілдаева, қала тұрғыны:

- Байқаусызда келіп қалып, негізі сатылады ма деп ойлап, тегін алып тұрмын. Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» деген кітабын қарап, оның ішінде «Ақсақ киік» өлеңі көзіме оттай басылды.

Арқаның бетпақ деген даласы бар,

Бетпақ шөл, ойлы-қырлы панасы бар.

Сол жерде ел жоқ, көл жоқ өсіп-өнген.

Жәндіктің киік деген баласы бар, - деп кішкентай кезімнен осы Сәкен Сейфуллинннің шығармаларын өте жақсы оқитынмын. Соны қайта еске түсіру үшін осы кітапты алып отырмын.

Қарлығаш Жалғаспаева, қала тұрғыны:

- Кітапты жиі оқимын. Көбіне Абайдың кітаптарын  оқимын. Абайдың «Қара сөздері». Ілияс Жансүгіровтің кітаптарын оқимын.

Қазіргі таңда елде шамамен 230 баспахана жұмыс істейді. Ал Қазақстанның қоғамдық кітапханаларында 100 мыңнан астам қолжазба мен сирек басылымдар сақтаулы.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Қанат Махмутов