Ғасыр жасаған ардагер: Біз көрген соғысты ұрпағымыз көрмесін

Алматы облысының Ұйғыр ауданында тұратын соғыс ардагері Алым Кебиров зұлмат соғыс жылдарын «Біз көргенді балалар көрмесін», - деп еске алды, деп хабарлайды 24kz.

Ғасыр жасаған қария Беларусь, Украина майданында шайқасып, Белгород, Львов қалаларын жау қолынан азат етуге қатысты. 27 немере, 55 шөбересі бар. Соғыс ардагері оларға: «Қайда қызмет етсеңдер де, жұмысты адал атқарыңдар!» - деп өсиет айтып отырады.

Ардақ Айбарұлы әңгімелейді.

- Алым Кебиров майданға 1942 жылдың 23 ақпанында аттанған. 18 жастағы бозбала Панфилов аудандық әскери комиссариатына шақырылып, жанындағы жүзден астам жас сарбазбен Сарыөзекке дейін жаяу барады.

«Олардың көбі соғыстан оралмады. Алдымен Белоруссия майданында болып, Украинаны неміс басқыншыларынан азат еттік. Қиян кескілескен ұрыстың куәгері ретінде айтарым, біз көргенді балалар көрмесін!», - деді 101 жастағы соғыс ардагері.

Алым Кебиров, соғыс ардагері:

- Белгород деген шаһарды азат еттім. Содан кейін жаралы болып, военный госпитальда жаттым. Дала госпитальда жаттым. Одан жазылғаннан кейін қайтадан екінші рет соғысқа кірдім. Одан кейін барған жерім – Украина. Украинада қатты соғыс болған екен. Украинада көптеген қалаларды азат еттік. Львов қаласын азат еткеннен кейін қатты жараланып, ауруханада жатып, 1944 жылы 15 мартта үйге келдім.

Ол соғыстан оралған соң 54 жыл колхозда еңбек етіп, зейнет демалысына шықты. Зайыбы екеуі 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Солардан тараған ұрпақ бүгінде бір қауым елге айналды. Ардагердің 27 немересі, 55 шөбересі бар. Құлағы дұрыс естімейтіні болмаса, Алым атамыз әлі тың.

Алым Кебиров, соғыс ардагері:

- Заман тыныш болсын! Ел аман болсын! Істеген жұмыстарымыз әділ болсын! Ақиқаты болсын! Жастар білімді алып, ел үшін, қоғам үшін, мемлекет үшін тіршілік жасасын! Басқа не дейміз?! Біз көргенді балалар көрмесін. Біз істеген жұмысты балалар көрмесін. Бұдан кейін соғыс дегенді білмейік!

Ардагер Бахар ауылындағы кенже ұлының қолында тұрады. Мемлекеттен алған 5 млн теңге сыйақыны ескірген үйін жөндеуге жұмсаған.

Арман Алымов, соғыс ардагерінің немересі:

- Атамның денсаулығы, барлығы жақсы, шүкір. Енді Үкімет жақтан 5 млн теңге ақшалай көрсетті бізге көмек. Атама сыйлық ретінде алып келді. Үйде барлық ремонттарды жасап жатырмыз. Тағы Қонаев қаласынан үй жағынан мәселе болып жатыр енді. Соны осы аудан әкімі Бота Серікқызы шешіп жатыр. Жақында болады деп жатыр енді. Атам негізі өте сыпайы адам өзі. Үлгі ретінде адал еңбек етуді айтады әрқашан.

Алым Кебиров Украинаны және Львов қаласын азат еткені үшін медалімен марапатталған. Мерейтойлық наградалары да аз емес. Ардагер зұлмат соғыс жылдарында қаза тапқан қарулас достары мен бірнеше жыл бұрын дүние салған өмірлік зайыбын еске алып, көңілі босап, көзіне жас алды. Кеңес әскерінің жауынгері артынша аудан, облыс орталығынан келген меймандар мен түсіру тобын үйінен шығып, қақпасының алдынан тік тұрып шығарып салды.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов