БҚО тұрғындарына 445 қайтарымсыз грант беріледі

Биыл Батысқазақстандықтарға 445 қайтарымсыз грант беріледі, деп хабарлайды 24KZ. Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі әлеуметтік осал топқа жататындарға арналған. Былтыр аталған көмекке 389 адам қол жеткізіп, өз ісін дөңгелетті.

Ақтоты Жолдаубаева Переметный ауылында тұрады. Төрт баланың анасы. Қолы шебер, ісмер жан бұрын үйінде отырып, түрлі тапсырыстарды орындайтын. Былтыр мемлекеттік гранттың арқасында 3 жаңа тігін машинасын сатып алды. Сауда үйінен орын жалдаған. Қазір өз ісін өрге бастырып, әрі ауылдастарының алғысын алып отыр.

Ақтоты Жолдаубаева, кәсіпкер:

- Бағдарламаларды естіп, қайтарымсыз грант алып, сол ақыры арманыма қол жетті. Халық келіп тапсырыс береді. Көйлек, әртүрлі бұйымдар тігіп жатырмыз.  Халық қалай? Қыстан жазға ауысады. Жаздан қысқа ауысады. Күртелердің сырмасы, шалбар қысқарту. Мектеп кезінде толып кетеді. Маусым-маусымымен. Ойлайсың ғой, қазір осылай келер ай бос болар ма екен деп. Екі жылда біліп болдық. Қайсысы қай кезеңде қандай жұмыс көп болатынын.

Мөлдір Ибрашева, Перемётный ауылының тұрғыны:

- Вокалды топ құрағаннан бері қарай көйлектерін осы кісіге тіктіреміз. Қыздарымыз ол кісінің қолынан шыққан әдемі көйлектерін киіп, сахнада өнер көрсетіп жүр. Халыққа да, басқаларына да ұнайды. Сондықтан тапсырыс береді жиі.

Жаңа бизнес-идея үшін тағайындалған грант көлемі 1,5 млн теңгеден асады.  Қаражат жұмыссыздарға өз ісін ашып, кәсіпкерлердің бизнес әлеуетін арттыруға негізделген. Өтінім бермес бұрын әуелі Enbek.kz порталына тіркеліп, грант шарттарына сәйкестігін тексеріп, бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, өтініш қалдыру қажет.

Саян Баймұқанов, еңбек ұтқырлығы орталығының директоры:

- 7 санаттағы азаматтар ала алады. Ол жаңағы атаулы әлеуметтік көмек алатындар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылған отбасылар, мүгедектігі бар тұлғалар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, қандастар ала алады. Биыл да сол жұмыстарды жалғастырамыз. Аудандық деңгейде, қалалық деңгейде арнайы бекітілген комиссия бар. business.enbek.kz сайтында бәрі де электронды түрде жүргізіледі. Ешқандай қарым-қатынас жоқ. Тек қана комиссияға келген кезде өз жобасын қорғайды.

Былтыр Орал өңірінде былтыр 389 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант берілсе, биыл 445 тұрғынға грант бөлінеді. Ол мақсатқа қазынадан 650 миллион теңге қарастырылған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов