Жамбыл облысында мал ұрлығы өршіп тұр
Биыл Жамбыл облысында 580 мал басы қолды болған, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, Талас ауданында жайылымда жүрген жұрттың төрт түлігі ізім-қайым жоғалып жатыр. Аққұм ауылының тұрғындары: «Жылда үйір жылқы жоғалса да, полицейлер бірде-бір ұрыны таппады», - деп өкпелі.
Мерей Бает, тілші:
- Аққұм ауылының тұрғындары төрт түлігін жайылымға жіберуге қорқады. Себебі барымташылар ауыл сыртындағы малды былай тұрсын, елді мекен ішінде жүрген сиыр мен қойға қол сала бастаған. «Бір жылда 40 басқа дейін қолды болды», - дейді тұрғындар.
Әлімхан Далбақов, Аққұм ауылының тұрғыны:
- 3 жылда 3 үйір жылқы кетті. 23 бас бір кетті, 16 бас бір кетті. Былтыр 20 бас кетті. Жоқ, жым-жылас таптырмайды. Ол көшедегі бірлі-жарым біреу екеуден кетіп жатқаны қаншама?! Есептеп жатқан ешкім жоқ. Іздейді-іздейді, таба алмайды. Сандалады, құрығанда 1-2 жылқының құны тағы кетеді іздеген соң. Сонымен сандалып қояды.
«Жылда табын сиыр, үйір жылқы жоғалса да, ұсталған бір барымташыны көрмедік», - деп жұрт жыларман. Ауылда учаскелік полицейдің кабинеті болғанымен жұмыс орнынан мүлде табылмайды. «Келген күннің өзінде жоғалған мал иесін әуреге салып кетеді», - дейді тұрғындар.
Ерлан Шопанбаев, Аққұм ауылының тұрғыны:
- Учасковыйларға арызымызды тастаймыз ғой. Содан кейін олар келеді де: «ал көлік тап», - дейді. Ауылдың тұрғындары біреуді жалдайды. Оған бәленбай ақша төлейді жалдаған адамға. Оған майын құйып береді. Содан кейін ішінде отырып алады да, «Ана жаққа барайық, мына жаққа барайық», - деп 2-3 күн сандалтады. Оның ауқатын әпереді малы жоғалған адам. Қарындарын тойдырып алады да, аяғында: «Болды таппадық», - дейді де қайтады. Сонымен малдың егесі де босқа шығындалады. Бір ұрлық тауып, бір ұрыны ұстаған емес. Халық милициядан күдер үзіп кеткен.
Ал полиция департаменті тұрғындар арызынан соң ауылға жауапты инспекторға қатысты қызметтік тексеру ашпақ. Құқық қорғау органдары былтыр 580 мал басының ұрланғанын растады. Ал жыл басынан бері 146 түлік қолды болған. Оның 96-сы иесіне қайтарылды. Қалған 58 миллион теңгенің түлігі ізім-қайым жоқ.
Мақсат Юсупов, ПД Криминалды полиция басқармасының бастығы:
- Жылдың басынан біз мал ұрлығымен айналысқан 20 тұлғаны ұстап, қылмыстық жауапкершілікке тартып отырмыз. Оның ішінде мысалы 15 тұлғадан тұратын 7 қылмыстық топ тұрақты түрде кәсіби түрде мал ұрлығымен айналысып жүрген тұлғаларды қамаққа алдық. Тек қана өткен айдың өзінде Жамбыл және Талас аудандарында мал жайылымдарынан тұрақты түрде мал ұрлықпен айналысып жүрген 3 адамнан тұратын қылмыстық топтың қылмыстық әрекеттерін әшкереледік. Оларға қазіргі уақытта 4 дерек бойынша 28 бас жылқыны ұрлағанын дәлелдеп отырмыз.
«Жұрт өз малын қараусыз қалдырмай, қадағалауы керек», - дейді жауаптылар. Себебі ұрланған түліктің дені жайылымда иесіз қалады. Онымен қоса, сырғасыз, құжаты жоқ малды тану қиынға соғады. Тапқан күннің өзінде оны дәлелдеу оңай шаруа емес.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә