Ақтөбе облысындағы «Неміс жастары клубының» құрылғанына 30 жыл толды

Ақтөбе облысындағы «Неміс жастары клубының» құрылғанына биыл 30 жыл толды, деп хабарлайды 24kz.

Түрлі этностың басын біріктірген қоғамдық ұйымда тіл үйреніп, әлем халықтарының салт-дәстүрімен танысуға болады. Бірлестік 400-ден астам белсенді мүшесі бар «Өрлеу» неміс этномәдени орталығы жанынынан ашылған.

Бейбарыс Қалыбеков Германияның жоғары оқу орындарының біріне түсуді армандайды. Қазір колледжде білім алып жүрген студент неміс тілін игеріп жүр. Ол үшін «Өрлеу» неміс этномәдени орталығы жанын ашылған «Жас жұлдыздар» неміс жастары бірлестігіне келген. Мұнда кез-келген жан Гете мен Ницше тілін тегін үйрене алады.

Бейбарыс Қалыбеков, «Junge Sterne» неміс жастары клубы жетекшісінің орынбасары:

- Бұл жерде ауызекі тілден бастап кәсіби терминдерді де үйренуге болады. Себебі көптеген білікті жастар, тәжірибелі мамандар бар. Болашақта Берлин қаласына оқуға түсуді жоспарлап жүрмін. Сондықтан маған бұл орталықтың берері көп.

Орталықта немісше тіл сындырып қана қоймай көркем әдебиетті де терең зерделеуге болады. Этномәдени бірлестіктің шығармашыл жастары театр ашқан. Үлгілі деген атаққа қол жеткізген өнер ордасында қойылымдар неміс және орыс тілінде өтеді. Театр режиссері Максим Винс ата-бабасының Қазақстанға жер аударылу тарихын да бірнеше рет сахналаған.

Максим Винс, «Denk Mal» неміс үлгілі театрының режиссері:

- Неміс тіліндегі қойылымдармен қатар қалың бұқара көрерменге арналған спектакльдеріміз де бар. Комедия, драмаларды қоямыз. Көпшілік көрерменге арналған соңғы туындымыз этномәдени тақырыбында. Қанды қырғын жылдары қорлық көрген Эльвира Мут есімді әншінің тағдырын суреттейтін «Қолдар» спектаклін ұсындық.

«Өрлеу» неміс этно-мәдени бірлестігінде дәстүрлі қолөнерді де игеруге болады. Үйірмеде шеберлік сағаттары жиі өтеді. Ал, облыс деңгейіндегі мереке, байқауларда бірлестік мүшелерінен құрылған ұлттық хор өнер көрсетеді.

Данил Цой, «Өрлеу» облыстық неміс этномәдени қоғамы төрағасының орынбасары:

- Қазір біз Мәртөк, Бадамша, Хромтау аудандары жастарымен тағыз байланыс орнаттық. Неміс жастары клубының филиалын ашу жоспарымыз бар. Неміс тілі үйірмелерін ұйымдастырып, өскелең ұрпақтың Германияда білім алуына жағдай жасағымыз келеді.

Немістер диаспорасының қауымдастығы Ақтөбедегі белсенді бірлестіктердің бірі. Көптеген қоғамдық жобаны жүзеген асырды. Ел арасында ерекше қолдау тапқан «Неміс жастары клубы» биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтеді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков