Түркістан облысында шешен ұлтының 600-ден аса өкілі тұрады
Түркістан облысы Төлеби ауданында шешен ұлтының 600-ден аса өкілі тұрады.
Қиын-қыстау кезде бауырына басып, қамқор болған қазақ еліне айтар алғысы шексіз. Жалпы өңірде 50-ден аса ұлттың өкілі тұрып жатыр. Көбінің ата-бабасы ертеректе қоныстанған болса, енді бірі қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға жер аударылған. Солардың бірі - этникалық шешендер. Шешен ұлтының өкілі Дедмурзаевтар Қазақстаннан пана тауып, өсіп-өнген әулет. Атасы Эдильсод Дедмурзаев 1944 жылы Ұзынарық ауылына анасымен бірге жер аударылып келгенде 6 жаста екен. Жолдағы ауыр бейнетті көтере алмаған анасы көп ұзамай қайтыс болып, Эдильсод жетім қалыпты. Оны сол кезде соғыста екі бірдей ұлынан айырылған Мыңбай ақсақал асырап алған. Кейін шешен қызына үйлендіріп, бөлек шығарыпты. Бүгінде жасы 80-ге таяған Ләйлә апа қазақ отбасына келін болып түскенін айтады.
Ләйлә Дедмурзаева, Эдильсод Дедмурзаевтың жұбайы:
- Шалым Ұзынарықта өсті. Сол жақта тұрдық атаның үйінде. Атамызға сәлем салдық. Сыйладық оларды. Сондай болдық, балам. Біздің өзінің баласындай көрді. Апа да жақсы кісі еді, жаманшылығын көрген жоқпыз. «Қызым», «қызым» деп көтеріп жүрді. Шалым мал бағатын, осы жаққа көшіп келдік сосын.
Ләйлә апа күйеуі Эдильсод ақсақал екеуі 10 бала сүйген. Қазір 6 қыз, 2 ұлынан бірнеше немере-шөбересі бар. Эдильсод қария осыдан бернеше жыл бұрын дүние салыпты. Әулеттің жиені Мути Махаев кішкентай кезінен нағашы атасына жақын болып өскен. Атасын бауырына басып, өсірген Мыңбай ақсақалдың әулетімен әлі күнге туыстай араласатынын айтады.
Мути Махаев, Дедмурзаев әулетінің жиені:
- Мен оларға жиен болып саналамын. Қандай да бір іс-шара болса, бір-бірімізге қонаққа барамыз. Кәдімгі туысқандар сияқты өмір сүріп келе жатырмыз. Атамыз айтқан «қиын-қыстауда аман қалған елде адал азамат болып өсіңдер» деген сөзі жас кезімізден құлағамызда сақталып, жүрегімізде жатталып қалған.
Шаңырақтың иесі, Эдильсод ақсақалдың кенже ұлы Хамит та әке аманатына адал. Ұл-қыздарын қазақ мектебіне беріп, қазақы салт-дәстүрді ұстанады. Қиын кезде әкесіне қамқор болған Мыңбай қарттың бауырлары мен балаларын туған ағасындай көреді.
Хамит Дедмурзаев, Эдильсод Дедмурзаевтың ұлы:
- Біз олармен аға-інілердей араласып, жақсысына да, жаманына да барамыз. Олар маған туған ағадай бауыр болып кеткен. Осы менің елім, осы жерде тудым, осы жерде өстім. Осы жерде қаламын. Бауырларым да осында. Қазақ бауырларымызбен сіз, біз десіп үйреніп қалғанбыз. Өз еліме барсам да оларға мен бөтен адам боламын.
Кішкентайынан тағдыр тауқыметін көп көрген Эдильсод Дедмурзаев көзі тірісінде балаларына қазақ халқын құрметтеп, осы елге қызмет етуді өсиет етеді.
Мути Махаев, Дедмурзаев әулетінің жиені:
- Қазақ халқында бір жақсы мақал бар. «Ырыс алды – ынтымақ» деген. Ынтымағы жарасқан ел ғана биік мақсаттарға жете алады. Сол үшін білім алып, өсіп-өніп отырған елімізге, жерімізге, халқымызға ризашылығымыз шексіз. Сол қиын-қыстауда өздері де қиын жағдайда болса да халқымызды қабылдап, қолдауын көрсеткен Қазақ халқына алғысымыз шексіз.
Жері киелі, халқы еңбекқор, тірлігі мен бірлігі бекем Түркістан облысында қазіргі таңда 2 млн-нан астам адам тұрады. Олардың 25 пайызын өзге ұлт өкілі. Қиын-қыстау кезеңде осы өңірден сая тапқан түрлі этностың өкілдері бүгінде тату-тәтті өмір сүріп, туған жерді түлетуге еңбек сіңіріп келеді.