Жасанды интеллект саласындағы қазақ-корей серіктестігі артады

Қазақстандық жасанды интеллект инженерлері Оңтүстік Кореяда тәжірибе жинауы мүмкін.

Олар арнайы оқыту бағдарламалары мен тағылымдамадан өте алады. Ынтымақтастықтың осы мүмкіндігі туралы бүгін Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжо Тэ Ик мәлімдеді. «Жасанды интеллект саласындағы серіктестік қос елдің дипломатиялық қатынасына серпін берері сөзсіз», - дейді елші. Бүгін Астанада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігімен бірлесе осы тақырыпқа арналған семинар өтті. Оңтүстік Кореяның мамандары жасанды интеллектінің қазіргі трендтері, оны қолданудағы заңнаманың жүзеге асырылуы, қауіпсіздікке қатысты тәжірибесін бөлісті. Бүгінде Оңтүстік Корея онлайн мемлекеттік қызмет жөнінен әлемдегі үздік үштікке кіреді. Қазақстанда 1200 түрі онлайн көрсетілсе, Таңғы шық елінде 5 мыңнан асып жығылады. Сол себепті қазақстандық тарап бұл бағыттағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Оңтүстік Корей елі де ортақ жобаларды жүзеге асыруға асық.

Дмитрий Мун, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Біз мемлекеттік органдардың түрлі қызметінде жасанды интеллектіні қолдануға болар шетелдік тәжірибеге үңілеміз. Әсіресе экономикалық тиімділігін зерделейміз. Бүгінде жасанды интеллект түрлі мақсатта қолданылып жатқанымен, қайсысы экономикалық пайдасын көбірек тигізетіні әлі түсініксіз. Сондықтан мұндай тәжірибе алмасудың маңызы зор.

Чжо Тэ Ик, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Қазақстан кең байтақ жері бар, агроөнеркәсіптік әлеуеті өте жоғары мемлекет. Осы ретте жасанды интеллектіні ауылшаруашылығында қолданудың болашағы зор деп білемін. Бұл елдеріңіздің аграрлық секторын дамытуға серпін бермек. Сондықтан болашақта Қазақстан-Корея әріптестігінің осы бағытта дамитынына сенімім мол. Сонымен бірге Астанада ӘлемAI жасанды интеллект орталығын ашу көрегенді шешім болды. Өйткені білім беру, зерттеу саласында халықаралық университеттер сияқты ғаламдық серіктестердің басын қосуға жағдай жасады. Алдағы уақытта орталық оңтүстік кореялық институттар және стартаптармен бірлесе жұмыс істесе деген үмітіміз бар.