Елордада майдан жылдарынан сыр шертетін жылжымалы көрме ашылды

Елорданың Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Алексей Бахрушин атындағы мәскеулік театр мұражайының жылжымалы көрмесі ашылды.

"Майдандағы театр: үміт жағалауы" атты жоба Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында кеңестік театр қайраткерлерінің өшпес ерлігіне арналды. Түрлі экспозициялар қатарында театрдың майдан шебіндегі және тылдағы рөлін айшықтайтын құнды жәдігерлер бар. Келушілер үшін Бахрушин музейінің қорынан алынған бірегей архивтік материалдардың цифрлық көшірмелері де ұсынылған. Оның ішінде спектакль афишалары, сапар күнделіктері, майдандағы суреттер, газет қиындылары, тарихи фотосуреттер мен өнер адамдарына жолданған  хаттар бар. Бұл хаттар сұрапыл соғыс жылдарында сарбаздар мен офицерлерге рух берген өнер иелеріне деген терең алғысты білдіреді. Көрме 18 мамырға дейін жалғасады.