Әлеуметтік эксперимент: астаналықтар буккроссинг туралы біле ме?

23-сәуір - Халықаралық кітап және авторлық құқық күні.

Атаулы дата қарсаңында оқу мәдениетін дәріптеу мақсатында еліміздегі кітапханалар түрлі іс-шара өткізіп жатыр. Одан бөлек, жер-жерде ұйымдастырылған оқырмандар клубы бар. Онда кітапқұмар жандар белгілі бір автордың шығармасын талдап, бір-бірімен кітап алмасады. Бүгінде бұл үрдіс әлемде кеңінен етек жайып, буккроссинг деп аталатын қоғамдық қозғалысқа айналған. 2001 жылы Америкада бастау алған акция барлық елдерде үлкен қолдау тапты. Ал қазақстандықтар бұл қозғалыс жайлы не біледі? 

Cонымен дәл қазір біз Астанадағы Жетісу саябағындамыз. Қолымда Өтеш Қырғызбаевтың «Тарланбоз Тәкен» атты кітабы. Дәл осы  кітапты мына сәкіде қалдырып әліптің артын бақпақпын. Көрейік бұдан не шығатынын. Кітапты адам қарасы қалың жердегі сәкінің үстіне, яғни көзге көрінетін тұсқа әдейі қойған едім. Оператор екеуміз он минуттай сырттан бақылап тұрдық. Әрі-бері өткен жұрт мән бере қоймады. Сағаттап күтуіміз мүмкін екенін түсіндік. Жалпы, халықтың буккроссингтен хабары бар ма екен?  Осыны білмекке тұрғындарды сөзге тарттық.

Қалдырылған кітапты ақыры бір келіншек алды. Есімі Малика екен. Жетісу саябағында жұмыс істейді. Сұхбат беруден бас тартқан ол, шағын әңгімені оқып шыққан соң үйге апарып қоймай, келесі жан оқысын деген ниетпен демалыс орнына қалдыратынын жеткізді. Уәдесіне сендік. Өйткені буккроссинг аясында қалдырылатын кітап – сыйлық емес. Ортақ мүлік секілді қоғамның пайдасына жарауы керек. Эксперименттен түйгеніміз – буккроссинг жайлы екінің бірі біле бермейді. Бірақ астаналықтар кітап алмасу ойын құптайды. Мәселен Анар Жетпісбай өзінің кітап клубында осындай тәжірибе енгізілгенін айтады.

Анар Жетпісбай, кітап клубының ұйымдастырушысы:

- Қазір айына бір рет кітап алмасу форматын енгізіп отырмыз. Әзірге көп кітап жинай қойған жоқпыз. Әлі де жинақтап жатырмыз.  Оқырмандар, қала тұрғындарының қалауымен болатын дүние ғой. Әлеуметтік акция болғандықтан бұнда қандай да бір бақылау жоқ. Келіп, кітабын қалдырам десе, адамның өз еркі. Бір жағынан экологияны сақтауға болады.

«Құрметті оқырман, сіздің қолыңызға Жекен Жұмақановтың «Жазылмаған кітап» әңгімелер жинағы тиді. Бұл буккроссинг акциясы аясында қалдырылған кітап» деген жазу-тілше бар. Кітаптың арасына қыстырып, біз Астананың Жағалау атты ауданына келіп жеттік. Бұл жерде тұрғындардың демалысына арналған орын бар екен. Тіпті кітап оқуға, кітап алмасуға болатын арнайы кеңістік те ұйымдастырылыпты. Ішінде кітаптың бар-жоғын көріп шықсақ. Иә, бірнеше сөресі бар, бірақ кітап көрінбейді, жоқ. Дегенмен дәл осы жерге мен кітабымды қалдырғым келіп отыр. Қолға тиген адамның көңілінен шығады деген үміттемін.