Жамбыл облысында майдангерлерге құрмет көрсету шаралары қарқын алды
Жамбыл облысында Жеңістің 80 жылдығына санаулы күндер қалғанда майдангерлерге құрмет көрсету шаралары қарқын алуда, деп хабарлайды 24kz.
Биыл бұл өңірде алты соғыс ардагері атаулы күнді қарсы алмақ. Солардың бірі – 98 жастағы Иван Макеев. Майдангердің өмірі, бір дәуірдің айнасы. Соғыстың от-жалынын кешіп, бейбіт күннің таңы атқанын көрген ардагер бүгінде әлі тың. Қарияның жүзінен қажыр-қайрат пен сабырлық байқалады. Ардагерге құрмет белгісі ретінде бүгін әскери бөлім қызметкерлері оның үйіне арнайы барып, үй ауласын абаттандырды, қоқыстан тазартып, тұрмыстық жағдайын жақсартуға үлес қосты.
Иван Макеев 1944 жылы 17 жасында соғысқа аттанған. Жас сарбаз алдымен мергендік пен жауынгерлік дағдыларын үйренген. Майданда барлаушы болып Жапониядағы соғысқа қатысты. Мукден, Харбин қалаларын азат етті. «98-ге келсем де, отты жылдардың естілігі әлі көз алдымда», - дейді ардегер.
Иван Макеев, соғыс ардагері:
- Мен көптеген медаль мен төсбелгі алдым. Бірақ мен үшін ең маңыздылары Отан соғысы үшін, Жуков медалі мен Жапонияны жеңгеніміз үшін таққандары. 600 мың әскерге қарсы соғысып, қаруластарымызбен қысқа уақытта оларды жеңе алдық. Бұл соғыста бір адамның емес, барлығының еңбегі ерен. Енді соғыс болмасын, жастарға айтарым елге қалқысыз еңбек ету қажет.
Иван Фёдорұлы жеңісті Монғолияда жүріп қарсы алды. Жапония капитуляциясынан кейін де әскери қызметін жалғастырып, тек 1951 жылы елге оралды. Соғыстан кейін желілік ішкі істер бөлімінде 30 жылдан астам қызмет етіп, подполковник шеніне дейін жетті.
Ольга Макеева, соғыс ардагерінің қызы:
- Мен өзімнің ата-анамды мақтан тұтамын. Қазір әкемнің жасы 100-ге жақындаса да, соғыс жылдарын ұмытпай айтып отырады. Бұл кісілердің еңбегі орасан. Жас жауынгерлер, әскери қызметкерлер отанға қызмет ету жолында осы кісілерден үлгі алу керек деп ойлаймын.
Ғасырға жуық ғұмыр көрген қарияға әскерилер де қолғабыс етуге дайын. Қорғаныс министрлігінің Жамбылдағы пайдалану бөлімі қызметкерлері ардагердің ауласын абаттандырып берді. Әскерилер тазалық жұмыстарымен қатар, бүлінген баспалдақ пен жарылған қабырғаларды қалыпқа келтірді.
Бекежан Жақыпов, ҚР Қорғаныс министрлігі жамбыл аудандық пайдалану бөлімі рмм бастығының орынбасары:
- Жамбыл аймағында ардагерлер аз қалды. Сондықтан олардың көңілдерінен шығу үшін осындай шаралар жиі жасау керек. Себебі ол кісілер біз үшін кейінгі ұрпақ үшін майданда күресті барын салды.
Соғыс ардагері әлі күнге әр таң сайын жаттығу жасайды. «Өмір бойы спортты жаныма серік еткендіктен, ғұмырым ұзақ болды», - деп санайды.
Авторлары: Мерей Бает Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә