Құранның Хан Кене жасаған көшірмесі Түркістанда сақтаулы тұр
Құранның Кенесары хан жасаған көшірмесі Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-мұражайында сақтаулы тұр.
Ал түпнұсқасы Астанадағы ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығында. 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы құнды мұра Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылатынын айтқан еді. Сол жылы күзде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы түпнұсқаны Әзірет Сұлтан мұражайына әкеліп табыстайды. Алайда жәдігерді күтіп ұстап, сақтау үшін қолайлы жағдай болмағандықтан Астанаға қайтарылды. Кейін көшірмесі жасалып, Түркістандағы музейге берілді. Жалпы 745 беттен тұратын қасиетті кітап Фатиха сүресінен басталып, Нас сүресімен аяқталады. Құранды Кенесары ханға сенімді серігі, діндар, азаттық үшін күрескен Марал Ишан сыйлаған. Кітап ғасырлар бойы қолдан қолға өтіп, шетел асып кеткен еді. Демеушілердің көмегімен көне жәдігер 3 жыл бұрын елге қайтарылды.