Биыл 71 елді мекен көгілдір отынға қосылады
Биыл елде газдандыру жұмыстары қарқын алады. Жыл соңына дейін 71 елді мекеннің тұрғындары көгілдір отынның игілігін көреді.
Газ саласын дамыту мен цифрландыру мәселелері бүгін Үкіметте қаралды. Премьер- министр Олжас Бектенов жауаптыларға Қашаған мен Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыттарының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырды. Биыл елде тағы 71 елді мекен газға қосылады. Ол үшін «Самұрық-Қазына» және республикалық бюджет есебінен 112,5 млрд теңге бөлініп отыр. Қазіргі таңда халықтың 62,4 пайызы отын теріп, күл шығару машаһатынан арылды. Бұл шамамен 12 млн-нан астам адам. Ауыл-аймақты көгілдір отынмен қамту үшін бірқатар маңызды стратегиялық жоба жүзеге аспақ. Атап айтсақ, «Бейнеу – Бозой – Шымкент», «Ақтөбе – Қостанай», «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры салынады. Елдің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану бойынша тиісті жұмыс жүргізіледі.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- 2023 жылдың қазан айында Ресей газының Өзбекстан Республикасына транзиті іске қосылды. 2023 жылы 1,28 млрд текше метр тасымалданды, 2024 жылы – 5,6 млрд текше метр а.ж. 7,3 млрд текше метрге дейін ұлғайтуды 2038 жылға қарай одан әрі 11 млрд текше метрге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.
Биыл түркімен және өзбек газын Қытай Халық Республикасына тасымалдау жоспары шамамен 36,2 млрд текше метрді құрайды, бұл өткен жылдың деңгейіне сәйкес келеді.
Бүгінде газды жеткізу құны мың текше метріне - 23 646 теңге. Соның - 10 096 теңгесін Ұлттық оператор субсидиялайды.Ал халықтың осал тобы үшін «Әлеуметтік әмиян» жобасында арнайы қызмет іске қосылды. Оның көмегімен ел тұрғындары газ шығынын 24 пайыз жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік алады. Қазіргі таңда бұл қызметті 9 мыңнан астам тұтынушы пайдаланып үлгерген. Әзірге Шымкент пен Батыс Қазақстан облысында қолға алынған бастама алдағы уақытта өзге аймақтарда да іске аспақ.