Өңдеу өнеркәсібінің V халықаралық көрмесі ашылды

Астанада «Өңдеу Экспо» бесінші Халықаралық өңдеу өнеркәсібінің көрмесі өз жұмысын бастады. 

Экспозицияның ашылу рәсіміне Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қатысты. Биылғы алаңның ауданы ішкі және сыртқы павильондарды қоса алғанда 10 мың шаршы метрден асады. Онда машина жасау, металл өңдеу, сумен жабдықтау және өндірістерді автоматтандыруға арналған шешімдерді ұсынатын 300-ге жуық отандық және шетелдік компания жиналған. Ауқымды көрме үш күнге жалғасады. Оның нәтижесінде отандық өңдеу өнеркәсібінің өкілдері шетелдік әріптестерімен бірқатар келісімге қол қояды деп жоспарланып отыр.

Шыңғыс Сүйінбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:

- Басты мақсаты – шетелдік технологияны алып, Қазақстанда жаңа жұмыс орындарын ашу. Өздеріңіз көргендей, Германиядан, Австралиядан көп компания келген. Олар бізбен бірге жұмыс істеп, жаңа технологияларды Қазақстанға қоюға дайындығын көрсетіп жатыр. Форумнан кейін Хилтон отельде пресс-конференциялар болады. Сол жерде екіжақты мемлекеттік келісімдер болады.