Классикалық шығармаларды оқитын жастар көбейді
Бүгін Ұлттық кітап күні. Биыл алғаш рет аталып жатқан атаулы күнде ел көлемінде әртүрлі шаралар ұйымдастырып, оқу мәдениетінің артуына ықпал етіп жатыр. Жалпы кейінгі жылдары жастардың да әдебиетке деген қызығушығы өскен. Мәселен, елдегі ірі кітап дүкендер желісі арқылы 3 жыл қатарынан жылына 2 миллион данаға жуық кітап сатылған. Оқырмандардың дені тұлғалық даму, шытырман оқиғалы детектив пен классикалық шығармаларды таңдайтын көрінеді. Заманауи прозаны сүйіп оқитындар да бар.
Қоғамда «қазіргі жастар кітап оқымайды» дейтін таптаурын тіркес бар. Бірақ кітап дүкеніндегі мына бір көрініске қарап, бұлай деп айту әсте қате. Өйткені алуан түрлі жанрдағы, өзекті тақырыптарды қаузайтын кітаптарды іздеп, құмарта оқитын жасөспірімдердің қатары жылдан-жылға көбеймесе, кеміген жоқ.
Алтынай Қамбар, Астана қаласының тұрғыны:
- Фэнтэзи ұнайды және де Джейн Остиннің кітаптары, сосын Николас Спаркстың кітаптары өте қатты ұнайды.
Жанель Қуатбекова, Астана қаласының тұрғыны:
- Маған саяси және тарихи кітаптарды оқыған ұнайды. Ең соңғы оқыған кітабым – нигериялық жазушы Чимаманда Нгози Адичидің «Американо» шығармасы. Ал жалпы кітап оқуға деген құштарлық 5-сыныпта «Гарри Поттерді» оқыған соң басталды.
Әлішер Нұрпейісов, Астана қаласының тұрғыны:
- Мен фэнтэзиден гөрі адамдар арасындағы қарым-қатынасқа арналған шығармаларды таңдаймын. Ал өткен жылы көктемде ғылыми кітаптарға деген қызығушылығым оянды. Стивен Хокинг туралы оқыдым.
Әлем әдебиетімен қатар қазақ әдебиеті жауһарларлары да үлкен сұранысқа ие. Сатылым көшінде тұрған Абайдың «Қара сөздері», «Махаббат қызық мол жылдар», «Кемел адам» және «Тамға» шығармалары – соның бір дәлелі.
Диана Исабекова, КІТАП дүкендер желісінің өкілі:
- Сондай-ақ отандық заманауи авторлардың ішінде Артем Оразымбетовтың «Демоны внутри нас», Сәуле Қожатаеваның әйелдердің ата-тегіне арналған кітабы, Ақберен Елгезек, Тимур Нығматуллин және Әділ Нурузовтың кітаптары көптеп сатылады. Жалпы алғанда бізде 80 мыңнан аса кітап түрі оқырман назарына ұсынылған.
Елімізде алғашында 12 баспа ғана тіркелсе, қазір оның саны 300-ге жуықтайды. Соның ішінде «Алматы кітап», «Фолиант», «Атамұра», «Жазушы», «Қазақ университеті» және «Қасым» баспа үйлері оқырман талғамына сай өнім ұсынып, отандық нарықты сапалы шығармалармен қамтамасыз етіп келеді.
Ұлан Еркінбай, «Qasym» баспа үйінің шығармашылық директоры:
- Осыдан 5-10 жыл бұрын көптеген мотивациялық кітап халықтың арасында өтімді болды, діни бағыттағы кітаптар, рухани бағыттағы кітаптар. Сондай бір ізденіс болды. Жалпы құлшыныс. Ал енді қазір жалпы оқырмандардың да талғамы өсті. Көбінесе әлем классикасына қарай бет бұрды.
«Қасым» баспа үйі жылына 50-ге жуық кітап түрін шығарады. Шығармалар негізінен 25 жасқа дейінгі жастарға бағытталған. Оның 40%-ін әлем әдебиетіндегі аудармалар құраса, 60%-ін ұлттық классика құрайды.
Ұлан Еркінбай, «Qasym» баспа үйінің шығармашылық директоры:
- «Қасым» кітап сериясының негізгі ерекшелігі, кемі соңғы 30 жылдық аудармаларды алмаймыз. Бұрынғы аударылған мынау технологияның көмегінсіз, Google аударманың көмегінсіз аударылған біздің аға буындар, оның ішінде аудармашы ретінде Мұхтар Әуезовтен бастап Алаш зиялыларына дейін аудармамен айналысқан және олардың аудармалары үлгілі, шедевр деуге болады. Негізінен біздің позиция сол аудармаларды түгелімен шығару. Қазірдің өзінде 50%-тейін шығардық.
Дей тұрғанмен баспа үйінің басшысы қазақ тіліндегі кітаптарға деген сұраныстың әлі де көңіл көншітпейтінін жеткізді. Десе де, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Мысалы, елордадағы жекеменшік мектептердің бірі оқушыларға, ата-аналарға және ұстаздарға жылына 5 кітаптан оқуға міндеттейтін тың жобаны қолға алған.
Әли Сағадат, «Зерделі халықаралық мектебі» директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
- «Зерделі халықаралық мектебінде» «5 кітап» жобасы жүзеге асқан. Негізгі мақсатымыз – оқушылардың, ата-аналардың, сонымен қатар мұғалімдердің арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатта біз 5 кітап оқимыз жылына міндетті түрде. 1-8 сынып оқушыларына жас ерекшелігіне байланысты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері кітаптар ұсынады көркем әдебиетте. Оның ішінде қазақтың әдебиеті мен шетелдік әдебиет аудармалары. Соларды оқушылар оқиды 6 апта бойы. 6 аптаның соңында барлық сыныппен бірге отырып немесе ата-аналармен бірге отырып талқылайды.
2020 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы іске қосылды. Осы арқылы өскелең ұрпақтың бойына кітап оқу дағдысын қалыптастыруда көптеген ірілі-ұсақты іс-шаралар мен жобалар қолға алынды. Жоба әлі 4 жыл жалғасын таппақ. Нәтижесінде гаджеттегі ойыннан гөрі парақтап роман оқып, том-том кітапты тоздыратын, көкірегі ояу, көзі ашық жеткіншектердің қатары артатыны сөзсіз.
Авторлары: Назым Қайрат, Бағдат Қайыркен