Қызылордада республикалық жастар форумы басталды
Жеңістің 80 жылдығына орай Қызылорда қаласында «Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға» атты республикалық патриоттық жастар форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды 24KZ. Үш күнге жоспарланған бұл шара ел жастарының бірлігін, патриоттық рухын нығайтуды мақсат етеді.
Форум аясында дәстүрлі «Мәншүк шеруі» өтті. Қазақстанның әр өңірінен жиналған 11 колледждің 500-ге жуық студент қызы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледж алаңында әскери сап түзеп, батыр рухына құрмет көрсетті. Жастар аңызға айналған қаһарман қыздың ескерткішіне гүл қойып, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді оятып, елге қызмет етуге деген ынтасын арттырады.
Жақсыгүл Тоғанова, М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры:
- Қасіретті де, қасиетті маңдай термен келген жеңістің қадірін білуге, әрбір білім алушынын патриоттық тәрбиеге, отансүйгіштікке, елжандылыққа, Мәншүктің рухын дәріптеуге, ерлігін діріптеуге, жас ұрпақтың бойына сіңіруге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге басым бағыт береміз.
Назерке Русланқызы, М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті:
- Мәншүк Мәмбетованың маршына қатысу біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш деп сеземіз. Бір жағынан біз осы колледждің атын шығарып жатырмыз деп ойлаймыз. Мәншүк Мәмбетова – ол біздің ұрпаққа өнеге қалдырып кеткен тұлғамыз. Біз оны әрқашан даңқты етеміз, қолдаймыз.