Астанада 2,9 млн тал өседі

Ал шаһардағы «Жасыл белдеу» аймағында 14,6 млн жасыл желек егілген. Бұл жайында Астана қалалық Көгалдандыру және табиғатты пайдалану және табиғат пайдалануды реттеу бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Иә, жайқалып өскен тал, жайыла төселген жасыл желек елорданың ажарын ашып, көркін кірігізіп тұр. Биыл да көгалдандыру ісі қарқынды жүреді.

Биыл жалпы 1,1 млн жасыл желек егіледі. Оның ішінде 65 мың ағаш, 800 мың бұта, 272 мыңнан астам түрлі гүл бар.

Қазір қалада 92 гектар аумақты алып жатқан Ботаникалық бақ, 396 гектар аумақта орналасқан 9 парк, 30 гектар аумақты қамтитын 4 бульвар және 132 гектар аумақтағы 90 сквер халық игілігі үшін қызмет етіп тұр.

Сағыныш Сағынтаев, Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы:

- 2023 жылдан бастап Астана қаласында кешенді көгалдандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде, жыл сайын 1 млн-нан астам ағаш отырғызылады. Мысалы, айта кеткен жөн 2024 жылы былтырғы кезеңді айтатын болсақ қала аумағында 1 млн-нан астам ағаш отырғызылды. Ол ағаштардың көбісі көктемгі және жазғы мезгілде өткізген "Таза Қазақстан" жалпы экологиялық акциясы негізінде отырғызылды. Яғни бұған тек қана мемлекеттік қызметшілер ғана емес, бұған қала тұрғындары, оқушылар, студенттер әртүрлі ұйымдардың өкілдері қатысты.