Болгар этнографиялық мұражай-үйінің ашылғанына 10 жыл толды
Ақтөбе облысының Болгарка ауылындағы этнографиялық мұражай-үйінің ашылғанына 10 жыл толды. Мәдениет ошағында Қазақстанға алғаш қоныс аударған болгарлардың тұрмыс-тіршілігін көрсететін жәдігерлер сақталған. Ғасырдан астам тарихы бар елдімекеннің іргетасын шалғайдан көшіп келген шаруалар қалаған.
Бессарабияда бейқам күн кешіп жүрген шаруаларды қазақ жеріне Столыпиннің аграрлық реформасы көшірген. Алғашқы 30 болгар отбасы мұнда 1908-жылы қоныс аударыпты. Шығыс Еуропадан шалғайдағы ұлы далаға бет алған шаруалар тұрмыста қажет жиһаз-мүлкін артынып-тартынып келген. Қазір олардың бірсыпырасы музей-үйде сақтаулы.
Валентина Куценко, Болгарка ауылының тұрғыны:
- Мынау нағашы әжемнің тоқыма білдегі. Бұрын біздің үйде тұрды. Бала күнімде анамның алаша тоқығанын талай көргенмін. Кешкілік ауылдың әйелдері жиналып, барлық үйге кезек кезегімен тоқып шығады. Кейде апталап кірісетін кездері де болды.
Ауыл тұрғындары ұйымдастырған мұражайдағы тағы бір құнды жәдігер – қыш құмыра. Бұл ыдысқа Оңтүстік Болгариядан қоныс аударғандар бидай дәнін салып жеткізген. Диірмен, иінағаш, жиһазға дейін сақтаулы. Болгарлардың ұлттық киімімен де танысуға болады.
Валентина Куценко, Болгарка ауылының тұрғыны:
- Ер адамдар жейденің сыртынан мынадай күртеше киіп жүреді. Бөрігі де бар. Ал, әйелдер басына орамал тағып, кестелі ұзын көйлек киген. Белге байланатын алжапқыш та дәстүрлі киімнің ажырамас бөлігі.
Ауыл тұрғындары құрған «Вяра» ұлттық ансаблі де аймақтың мақтанышына айналған. Әлем халықтары тілінде нақышына келтіріп ән салатын ұжым облыстық және республикалық деңгейде өтетін түрлі мәдени шарада өнер көрсетіп жүр.
Дина Есентаева, «Вяра» ұлттық ансамблінің жетекшісі:
- Ансабльде 6 жастан бастап 70 жасқа толған әншілер де бар. Бірнеше топқа бөлініп кейде үлкен хор ретінде де өнер көрсетеміз. Қазақ тілінде, болгар, орыс тілдерінде ән шырқаймыз.40 жылдан астам уақыт ішінде жүздеген ән айтылды. Репертуарымызды әрдайым жаңа туындылармен толықтырып отырамыз.
Болгарка ауылында жүзден астам үй бар. Бес жыл бұрын мұнда көгілдір отын жетті. Әр үйге ауыз су жүргізіліп, интернет және ұялы байланыс орнатылған. Биыл жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынады деп жоспарланып отыр. Өркениетті ауылға айналған елді мекен халқы өткенді ұмытпау керек дейді.
Марина Маринова, Болгарка ауылының тұрғыны:
- Мұнда алғаш көшіп келген ата-бабамыз баспанадан бұрін жертөле мен құдық қазып бастаған. Жүз жылдан асса да олар әлі күнге дейін бар. Тас құдықтық мөлдір суық суымен бау-бақша өсіріп, көкөністен мол өнім алған.
Болгарка ауылы жүздеген ұлыстқа пана болған Қазақстанның шағын көшірмесі. Бір шаңырақ астында қазақтар мен болгарлар, украиндар мен татарлар, молдавандар және удмурттар өмір сүріп келеді. Олар әр ұлттың салт-дәстүрін құрметтеп, мереке жиынды бірге атау әдетке айналған.