Отандық тауар өндірушілердің жаңа тізілімі құрылады
Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі енгізіледі.
Сенат бүгін қазақстандық өндірушілерді қорғауға бағытталған құжатты екі оқылымда қарап, мақұлдады. Яғни елімізде өндірілген өнімді тіркеу мен сараптама толық цифрландырылады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тоқсан сайын Сауда және интеграция министрлігіне берілген сертификаттар бойынша есеп беруге тиіс.
Арман Балтабайұлы, мәселен өзіңіз сауда сөресінен отандық өнімді сатып алып, бірақ сапасына күмән келтірген кезіңіз болған шығар? Немесе, басқа өнімді қазақстандық деп көрсету жағдайы кездесуі мүмкін. Бұлай айтуымыз дәйексіз емес. Себебі Бас прокуратураның тексеруі нәтижесінде тауардың шығу тегі туралы сертификаттарды заңсыз алу, жосықсыз субъектілердің мүдделерін қолдау, тауарға дұрыс емес мәліметтер енгізу және басқа да фактілер анықталған. Сенаторлар қазақстандық тауарларды сертификаттаудың қолданыстағы жүйесінен бірқатар кемшілік тапты. Онда адами фактордың ықпалы жоғары әрі мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріңғай байланыс жоқ екені анықталды. Жеке сарапшылардың қорытындысы ақылы түрде жүзеге асып келді. Енді жаңа нормалар осы олқылықтарға тұсау болмақ.
Сенатор: отандық өндірістің әлеуетін шынайы бағалауға мүмкіндік туады
Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Тізілімге енгізу механизмі ашық және айқын болатынын айта кету керек. Осы тетік енгізілгеннен кейін, тізілім елдің өндірістік әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді және тиісінше, тұтастай алғанда өнеркәсіптің дамуына әсер етеді. Қазақстанда қанша тауар өндірілгені белгілі болады, өндіріс пен қазтұтынудың оқшаулану деңгейін көрсетеді. Компаниялар өз өнімінің шығу тегін тезірек растап, мемлекеттік сатып алуларға қатыса алады, бұл нарықтағы сенімділікті арттырады. Тізілім өтініш беруші мен әкімші арасындағы тікелей байланысты барынша азайтады.
Жаңа жүйенің құрылуын кім бақылайды, қолданыстағы сертификаттау жүйесінің тағдыры не болмақ?
Кейінгі 6 жылда 70 мыңға жуық CT-KZ сертификаты мен 1,5 мыңнан астам индустриялық сертификат берілген. Жаңа реестр биыл қолданысқа енеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауапты уәкілетті мемлекеттік орган ретінде бекітілген. Ал қолданыстағы сертификаттар келер жылдың 1-қаңтарына дейін күшін сақтайды. Жаңа тетікке сай, тізілімді қалыптастыру және жүргізу бірнеше кезеңнен тұрады. Олар - өтінім беру, цифрлық верификация, өндірісті бағалау және тізілімге енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдау. Тізілімнің үзінді көшірмесі тауардың шын мәнінде қазақстандық болып табылатынын растайтын құжат болып саналады және ол ақысыз беріледі.
Қазақстандық тауар
CT-KZ сертификат – 70 мың;
Индустриялық сертификат – 1,5 мың;
Жаңа реестр
Қолданысқа ену мерзімі – 2025 ж.
CT-KZ, Индустриялық сертификат – 2026 ж. 1-қаңтарға дейін.
Өту кезеңі:
- Өтінім беру
- Цифрлық растау
- Өндірісті бағалау
- Шешім
Бірыңғай реестрдің маңызы қандай?
Жансая Жақыпова, «Qazindustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ дирекция басшысы:
- Аталмыш тізілім СТ-КЗ сертификаты және индустриялық сертификатты алмастыратын болады. Бұл реформаның ең негізгі мақсаты қазақстандық тауар өндірушілер мәртебесін растау процесінің объективтілігі, ашықтығы. Бұл не деген сөз? Скорингтік жүйе іске қосылатын болады және бұл тізілімге қосылу ақысыз түрде ұсынылатын болады. Бұл тізілімге қосылған отандық тауар өндірушілер реттелетін сатып алу жүйесіне қатыса алады. Өндірушілердің қандай шиткізат, қандай тауар әкелінді, өндірістің нақты көлемі, салық аударымдары, еңбекақы төлеу жөніндегі ақпараттарды толықтай алатын боламыз.
Айта кетерлігі, алдағы уақытта нағыз отандық тауар өндірушілер мемлекет тарапынан субсидиялар, экспорт шығындарының бір бөлігін өтеу, шетелдік көрмелерге қатысу, көлік шығындарының бір бөлігін жабу секілді қолдауларға ие болады. Түптеп келгенде, осылайша сырттан алынатын импорттық тауарларға тәуелділікті төмендете аламыз. Отандық өнімдеріміздің өндірісі толық бақылауда болады. Мамандар «бірінші кезекте сапа, одан кейін бағаның бәсекеге қабілетті болуы маңызды», - дейді. Парламент әзірлеген бұл заңның мақсаты осы. Барлық мәліметтер жинақталатын ақпараттық жүйе құрылады, құжаттардың дұрыстығына мән беріледі. Өндіріс жағдайларына, технологиялық операцияларға қатысты талаптар белгіленіп, тиімді бақылау орнатылмақ. Естеріңізде болса, заң жобасы Президент тапсырмасына сай қолға алынып, қаңтар айында Мәжілісте алғаш рет талқыланған. Өткен айда екінші оқылымда мақұлданып, бүгін Жоғарғы палата қолдады.
Отандық тауар демекші, біз әлеуметтің пікірін білдік. Басты тұтынушы ең алдымен – халық. Сөз соңында сауалнамаға кезек берейік.