Алматылық шебер алақанға сыйып кететін қуыршақ үйлер жасайды

Қазір осындай 100-ге жуық кішкентай үйі бар. Бұл – 4 жарым жылдық еңбектің нәтижесі.

Ол тек қуыршақ үйлер «тұрғызып» қана қоймай, түрлі румбокстар жасайды. Бастапқыда ермек үшін қолға алған іс қазір тұтас отбасының сүйікті ісіне айналды.

Мына үйлер шынайы баспанадан айнымайды. Тек көлемі бірнеше есе кішірейтілген. Бұл бастамаға Ильсия Шарипова бірден келген жоқ. Дизайнер мамандығын игерген Ильсия қызының туған күніне ерекше сыйлық жасағысы келеді. Алайда Қазақстаннан да, шетелден де көңілінен шығатын қуыршақ үйін таба алмаған. Содан соң Ильсияның әкесі оны өз қолымен жасауға кеңес береді.

Ильсия Шарипова, миниатюрист:

-  Сызбаларды қолға алып, қуыршақ үйінің жобасын жасадым. Туған күнге дейін үлгермейтіндіктен, барынша қарапайым нұсқасын жасадық. Өте қарапайым әрі ішкі жабдықтарсыз жасап шықтым. Бірақ соның өзіне қызым қатты қуанды.

«Бір үйді жасауға екі ай уақыт кетеді. Француз стиліндегі үйге тіпті көп күш пен уақыт жұмсауға тура келеді», - дейді шебер.

Ең бастысы – үй әдемі ғана емес, қауіпсіз болуы маңызды. Қуыршақ үйлерді жасауға отбасы мүшелерінің бәрі атсалысады. Ильсия жобалау мен безендіруге жауап береді, ал күйеуі үйдің қаңқасын жасайды. Интерьер идеяларын көбіне қызы ұсынады екен. Кішкентай Эмина дайын болған үйлердің алғашқы сыншысы.

Эмина Шарипова, Ильсия Шариповның қызы:

- Анам екеуміз жиі қуыршақ үйімен ойнаймыз. Маған ең қатты ұнайтыны — ас үй. Онда көптеген қызықты тағамдар бар. Тамақ дайындағанды жақсы көремін.

Ильсия жаңа, әрі ерекше нәрселер ойлап табуды жақсы көреді. Оның жұмыстарына Қазақстанда ғана емес, шетелде де сұраныс бар. Миниатюралық үйлердің ішіндегі ерекшесі — «Qazaq room». Бұл — заманауи этникалық стильде жасалған бөлме. Ішінде қазақы бұйымдар, ұлттық тағамдар, тіпті елімізде өндірілетін шоколадтың шағын нұсқасы бар. Шебер, «балалардың қызыға ойнайтын, қиялына қанат бітіретін шағын үйлер қатарын көбейтсем», - дейді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әлия Феликсқызы, Сұлтан Бейсекенов