Әулиеаталық қариялар репрессия жылдары бір қауым елді өлімнен алып қалған

1937 жылы Советтік билік күрдтерді Талас ауданына жер аударған. Бірақ тауға үйренген жұрт шөлейтті жерге шыдамай шетінен көз жұма бастайды.

Сол кезде қазақ қариялары билікке ұсыныс айтып, олардың Қасқабұлаққа көшуіне себеп болды. Қазір олардың балалары түрлі салада қызмет етіп, қазақ елінің дамуына өз үлесін қосып жатыр.

Қасқабұлақ ауылының қариясы Исмаил Усеиновтің жасы қазір 80-нен асты. Репрессиядан кейінгі ауыл өмірі оның көз алдында. Ал күрд ұлтының аймаққа  қалай келгенін бала кезінен ата-анасынан естіп өскен. 100-ге жуық отбасын вагонға тиеп, Ойық ауылына түсірген. Бірақ таулы аймаққа үйренген жұрт, құмды жерге шыдамай шетінен көз жұма бастаған. Сонда ауыл ақсақалдары бірігіп, күрдтерді таудағы Қасқабұлаққа көшіру жөнінде ұсыныс айтады. Сол кездегі жүзге жуық түтін қазір бір қауым елге айналды.

Исмаил Усеинов, Қасқабұлақ ауылының тұрғыны:

- Бірде-бір үй болмаған екен. Төменгі әкім тұратын үй бар, сонда бір-ақ үй болған қазақтың. Сөйтіп, ол кезде Совет үкіметі кезінде колхоз-совхоз деген құрылған. Сол 100 шақты үй болған ғой. Жүз шақты үйден қазір мыңның үстінде үйлер бар. Мынау Шаян жақта біздің тусқандарымыз бар, мынау Алматы жақта, әр жерде әр туысқандар бар.

Бұл ауылда мыңнан аса тұрғын бар. Басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Ауылда қажетті инфрақұрылымның бәрі тартылған. Жарық, жол, орталықтандырылған ауызсу желісі бар салынды. Мектеп, кітапхана, клуб пен медициналық пункт сынды әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. 

Махмед Темиров, Қасқабұлақ ауылының тұрғыны:

- Тәуелсіздік алғаннан бері водопроводты салды, медпункті де салды. Міне, қандай таза, рақатын көріп жатырмыз. Жағдайымыздың бәрін істеді. Енді құдай қаласа сметасын берген, 550 млн-ға ауылымызға газ тартады. 

Күрд ұлтының Жамбылға тұрақтағанына биыл 88 жыл толып отыр. Олар бүгінде өз салтын жаңғырта отырып, қазақ дәстүріне де сыйластықпен қарайды. Перзенттерінің дені мемлекетік тілді еркін меңгерген.

Рожин Даурешова, оқушы:

- Әр тілді білу маңызды ғой. Бірақ біз Қазақстанда тұрамыз. Ол біздің мемлекеттік тіліміз ғой, мемлекеттік тілді білу қажет. Келесі жылы 11-сыныпты бітірген кезде ҰБТ-да қазақ тілін таңдап мұғалім болғым келеді. Мұғалім болған кезде, өз ауылыма келіп осы балаларға сабақ беріп, оларға қазақ тілін үйретуге құштарлығым бар.

Мүбәрак Жинақбаева, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:

- Күрді ағайындарымыздың да азаматтары бүгінгі күнде мемлекеттік тілде білім алуда, мемлекетке қызмет жасауда. Барлық іс-шаралардан қоғамдық жұмыстардан, Қазақстанның өркендеуіне үлесін қосып келе жатыр.

Жамбыл облысында 87 этнос өкілі тұрады. Бүгінде олар сан салада еңбек етіп, қоғам мен ел дамуына елеулі үлес қосып жүр.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә