Қазақ лингвистикасына қатысты ғылыми конференция өтті
Университеттерде қазақ тілін оқытудың инновациялық үрдістерін қалыптастыру жолдары талқыланды.
Назарбаев университетінде «Қазақ лингвистикасы: теория мен тәжірибе интеграциясы» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Тіл мамандары дәстүр және жаңашылдық; қазақ тілін жоғары мектепте оқыту; қазақ тілін оқытудағы ЖИ және IT технологияларды талқылады. Жиынға Қазақстан мен шетел университеттерінен 70-тен астам адам қатысты. Олар қазақ тілі білімі ғылымының теоретик ғалымдары және әдіскер мамандары, магистранттар мен докторанттар. Конференция Зейнехан Күзекованың 70 жылдық мерейтойына арналды. Зейнехан Күзекова - тіл білімі ғылымында өзіндік қолтаңбасы бар ғалым, профессор.
Мейрамгүл Құсайынова, Назарбаев университетінің Қазақ тілі және түркітану департаментінің қауымдастырылған профессоры:
- Қазіргі таңда білімге деген талап өте жоғары, білім жедел қарқынмен дамуда, сол тұрғыда қазақ тіл білімі ғылымы да осы қарқынның бел ортасында, алдыңғы сапында болса да артық болмас. Сол үшін ғылым саласының академиялық контентін тағы бір негіздесек. Сонымен қатар тілді оқытудың жаңаша инновациялық әдіс-тәсілдерін меңгерсек, өйткені қазіргі заманауи жасанды интеллект, ақпараттық ІТ технология бұл да тіл біліміне жаңаша бір сұраныс қойылып отыр. Талап қойып отыр.
Юлай Шамилоғлы, Назарбаев университетінің Қазақ тілі және түркология кафедрасының меңгерушісі, профессор:
- Біз қазақ тілінің ғылым тілі болуын қолдаймыз және қазақ тілінің абыройын көтеруге, арттыруға тырысамыз. Біз соны қалай етеміз? Біріншіден біз тек қана практикалық қазақ тілін оқытпаймыз. Біздің мақсатымыз - қазақ тілін академиялық тіл ретінде оқыту. Және кейін қазақ тілінде академиялық мазмұнға ие болған курстарды өткіземіз. Қазақ тілі ғылым тілі болу үшін біз жыл сайын шаралар өткіземіз.