Елордада сарапшылар тарихты зерттеу мәселелерін талдады

Көшпенділер өркениетінің тарихын бірізді жүйеге келтіру керек. Бұған дейін талай зерттеу жүргізіліп, көптеген еңбек жарыққа шыққан. Алайда дала өркениетінің тарихын қазіргі заман тарихымен ұштастыруда әлі көптеген жұмыс атқарылуы керек.

«Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президенттің төл тарихымызға қатысты тапсырмасын орындау үшін осыдан бастау қажет», дейді Мәжіліс депутаты әрі тарих ғылымдарының докторы Әбіл Еркін. Құрылтайдың қорытындысы бойынша ұлттық кітапханада сарапшылар кездесуі өтті. «Қазақстандағы тарихи зерттеулер: рефлексия, фокустар және даму векторлары» тақырыбында өткен жиында бірқатар мәселе көтерілді. Соның бірі көшпенділер өркениетіне қатысты. Әбіл Еркін: «Көне заман, орта ғасырларда да ықпалы зор болған ұлы дала мәдениетінің 19-шы ғасырда дағдарысқа ұшырауында заңдылық бар», - дейді. Сол себептен депутат отандық тарихшылар зерттеулерін тың көзқараста ұсынуы тиіс деген пікірде. 

Әбіл Еркін, ҚР Мәжіліс депутаты:

- Бірақ бүгінгі күнге дейін біз көшпелі өркениетке еуропалық көзқараспен қарап жүрміз. Еуропада жазылған еңбектермен. Мына Қазақстанда жазылып жүрген еңбектер кезінде марксистік, лениндік парадигма, ол да еуропаның туындысы. Сондықтан бізге өзімізге ұлттық көзқарас қалыптастыру керек. Әрине, ұлттық жеке теория деген болмайды ешқашан. Теория деген бұл универсалдық ұғым, бірақ біз өзіміздің тарихымызға өзіміздің көзқараспен қарау керек.