Көкшетаудағы жылу желілерін жаңғыртуға Үкімет резервінен ₸1,1 млрд бөлінді

Көкшетау қаласындағы жылу жүйелерін жөндеуге Үкімет резервінен 1,1 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инженерлік желілер мен жылу көздерінің тозуын азайту туралы тапсырмаларын орындау шеңберінде атқарылды. Бөлінген қаражат «Көкшетау жылу» кәсіпорнының автоматтандырылған жүйелерін жөндеуге және бақылау мен өлшеу аспаптарының далалық деңгейін, сондай-ақ ауа жылытқыштардың текшелерін реконструкциялауға, тағы технологиялық ресурсы таусылған жабдықтарды жаңартуға бағытталады. Былтыр Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен ұзындығы 6 шақырым магистралды желі жөнделген болатын. Нәтижесінде қазіргі тозу көрсеткіші 45%-тен 43%-ке дейін қысқарды. Ал жылу желілеріндегі технологиялық бұзылулар саны 62-ден 47-ге дейін азайды.