Елдегі 130 ауылда интернет жоқ
Биыл Шығыс Қазақстан облысында 9 елдімекен интернет желісіне қосылды.
Алтай ауданындағы таулы аумақта орналасқан Феклистов ауылының тұрғындары құжат рәсімдеу үшін қалаға сабылатын. Енді электронды қызметтің игілігін көре бастады.
«Феклистов ауылының тұрғындары үшін жыл жақсы жаңалықпен басталды. Елді мекенге 3G-4G жылдамдықты қамтитын жаңа базалық станция орнатылды. Осылайша ғаламтор игілігі бұл ауылға да жетті. Русалина Сафина орман күзетеді. Тау-тасты аралап жүретін маман бір құжатты рәсімдеу үшін қалаға баратын. Әсіресе қыстың ақ-түтек боранында хат-хабар алмасу қиын»,-дейді ол.
Русалина Сафина, орманшы:
- Интернет қосылғалы көзіміз ашылды деуге болады. Неге десеңіз, өздеріңіз көріп отырғандай, ауылдық жерде тұрамыз, бұрын кредит жабу үшін қалаға баратынбыз. Кейде шұғыл қоңырау болып қалады. Ол үшін далаға шығып, жауын ба,боран ба қарамай, интернетті іздеп жүретінбіз.
Дегенмен тұтас ауыл игілігін көріп отырған цифрлық технология елдімекендегі медициналық бөлімшеге әлі жете қоймаған. Аудандық денсаулық сақтау саласының мамандары нысанды интернет желісіне әлі қоспаған.
Айдана Әбенова, медбике:
- Қазір бәрі ғаламтор арқылы болғандықтан, КМС-пен жұмыс істегендіктен, барлық ақпарат сол жерде орналасқандықтан, аздаған қиындықтар болады.
Алтай ауданында интернеті жоқ 15 ауыл қалды. Кезең-кезеңмен қамту мақсатында 6 жоба сараптамадан өтті. Жалпы облыста интернет желісіне қосылмаған 130 елдімекен бар. Бұл тізімге Өскемендегі бірнеше ықшам аудан да кіреді. Себебі бұл аудандарда интернетті қабылдамайтын учаскелер көп екен. Мамандардың тілімен айтқанда «ақ дағы» бар аумақтар кедергі болып тұр.
Арнұр Сапарғалиев, ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары:
- «Ақ дақ» деп аталатын аумақтар Өскеменде көп болып тұр. 19-20-23 ықшам аудандарда осындай учаскелер жиі кездеседі. Операторлар ол жақққа діңгекті антеналар қойған еді.Алайда жергілікті жұрт құрылғы адам денсаулығына зиян деп наразылық білдірген соң қайта алып тастадық. Енді базалық станция қойылатын болар деп ойлаймыз.
Адам саны 100-ден аз ауылдар да назардан тыс қалмайды. Ондай ауылдардағы 150-ден аса мектеп «Starlink» жерсеріктік интернет жиынтығына қосылды. Сондай-ақ биыл «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық трассалар бойына 25 діңгекті құрылым орнату жоспарланып отыр.