Батыс Қазақстанда балық шаруашылығы дамып келеді

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан құрғап қалған көптеген көл қайта кемеріне келді.

Бір ғана Жаңақала ауданында 20 көл толған, Қамыс-Самар көлдер жүйесіне де тіршілік нәрі жеткен. Ал Казталов ауданындағы Сакрыл көлінде жергілікті кәсіпкер балық шаруашылығын қолға алып, аңшылық туризмін дамытып отыр. Балық өнімдері тек аудан емес, Оралдың сауда сөрелерінде де сатылып жатыр.

Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Сакрыл көлін осыдан бес жыл бұрын кеуіп жатты десе кім сенер. Жалпақталдық кәсіпкер Әлібек Сартаев айдынды жалға алған. Сарыөзеннен келетін арнаны арып, судың қақпасын ашқан. Бірер жылда көлдің құсы мен балығы жыртылып айырылады. Әрісі - Ресей, берісі - Оралдан туристер келіп демалады.

Дмитрий Горбачев, турист:

- Жәнібек ауданынан келдім. Мұнда балық көп. Тұқы балығы, амур ақмарқасы, сазан, дөңмаңдайлар 7-8 келіге дейін барады. Былтыр 21 келі шортан да шықты. Бұрын көл тартылып, тізеден келетін су қалған. 

Сакрыл көлінің аумағы 2600 гектар. Кәсіпкер көлдің айналасындағы өзектерді бөгеп екі тоған жасаған. Сол жерде балықтар өсіп-өнеді, уылдырық шашады.

Әлібек Сартаев, кәсіпкер:

- Мына өзен арқылы келген балықтар бері қарай кіре алмайды, менің салған шабақтарым әрі қарай шығып кете алмайды. Балықтарым өскен. Сакрыл балығы мол деп халық риза болып жатыр. Жұмыс орындарын ашып қойдық. 10 штат балықшылар бар.  Туристік турларымыз бар, жан жақтан келеді. Ақтөбе, Ақтаудан, Жаңаөзеннен.

Дегенмен кәсіпкерді су қоймасында балық қорғау құрылғысының жоқтығы қинайды. Көктемде көлтабандарға су айдағанда балықтың біраз бөлігі босқа қырылады. Су айдыны «Қазсушардың» еншісінде болғандықтан кәсіпкер балық қорғау қондырғысын орната алмайды. Ал мамандар су қоймасы ауылшаруашылығы мақсатына арналғанын айтады. Бұл өңірдегі барлық су қоймаларына ортақ проблема.