Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

Бүгін елордада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясында сенбілік өтті.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың және Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бір топ мүшелерімен бірге ағаш екті. Жастармен сұхбаттасқан Мемлекеттік кеңесші «Таза Қазақстанның» экологиялық акция ғана емес екенін, оның бүгінде азаматтарымыздың мінез-құлқы мен ой-өрісіне ықпал ететін идеологияға айналып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ идеологияның түпкі мәні – тазалық пен тәртіпті сақтау, табиғатты аялау, мәдениетсіздікке, вандализмге және қоғамдық тәртіпті бұзуға қарсы күрес екеніне тоқталды. «Таза Қазақстан» акциясы бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынды. Жұртшылық бастамаға бірден қолдау көрсетіп, бүгінде жалпыұлттық сипат алды.