Түркістан облысында қайтарылған активтер есебінен 27 нысан салынады

Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында жаңа музыкалық өнер мектебінің құрылысы басталды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл бастама мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылып отыр. Мемлекет басшысы халыққа берген уәдесінде қайтарылған қаражаттың ел игілігіне бағытталатынын атап өткен болатын. Жобалық құны 890 миллион теңгелік жаңа өнер мектебі 300 оқушыны қабылдай алады. Сонымен қатар көршілес ауылдардың да балаларын оқытуға мүмкіндік бермек.

Өнер мектебі – қайтарылған активтерді тиімді пайдалану арқылы іске асырылып жатқан алғашқы әлеуметтік жобалардың бірі. Бүгінге дейін мемлекет пайдасына 610 млрд теңге қайтарылды. Оның 506 млрд теңгесі – ақшалай қаражат, 103 млрд теңгесі – мүлік. Мектептің іргетасын қалау рәсіміне Түркістан облысының басшылығы, Бас прокуратура өкілдері мен облыс прокуроры қатысты.

Құрманәлі Жылқыбай, мәдениет саласының ардагері:

- Алайда қазіргі таңда оның тозығы жеткен. Заманның талабына сай болмай, біз жаңа өнер мектебі салынса деп армандап жүрген болатынбыз. Соған қол жеткізіп отырмыз. Бұл өнер мектебінен неше түрлі біздің аудандағы таланттар өсіп-шығып, білім алып, біздің еліміздің рухани дүниесіне үлес қосады деген ойдамыз.

Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасы Активтерді қайтару жөніндегі комитет төрағасы:

- Бүгінгі күнге Үкіметтің мақылдауымен ел бойынша 280 жобаны қаржыландыру басталды. Оның ішінде 130-дан астам елді мекен таза ауызсумен қамтылады, 100-ден астам ауылда жаңа медициналық мекемелер салынып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетеледі. Мектептер, спорт кешендері, мәдениет ошақтары салынып жатыр. Халқымыз биылдың өзінде осы активтерді қайтару жөніндегі жұмыстың нақты нәтижесін өздері сезінеді. Бүгінгі күнге Түркістан облысы бойынша қайтарылған активтер есебінен 27 осындай құрылысты қаржыландыру туралы шешім қабылданды.