Шымкентте 174 кәсіпкер қазына қаржысын қалтаға басқан
Шымкенттік кәсіпкерлер мемлекетке 168 миллион теңге қарыз болып қалды, деп хабарлайды 24KZ. Оларға қаражат соңғы екі жылда бизнес ашуға бөлінген. Бірақ жүргізілген тексеріс нәтижесінде қайтарымсыз гранттардың мақсатты игерілмегені белгілі болды. Енді заңбұзушылық жасағандардың ісі сотқа жолданып, қалғаны медиациялық негізде реттелмек.
Шымкентте 174 жалған бизнес-жоба әшкереленді. Тексеру кезінде фискалды чектер, шот-фактуралар мен есептер қағаз жүзінде мінсіз дайындалғаны белгілі болған. Алайда шынайы жағдай мүлде басқа болып шықты. Көптеген мекеменің ғимараттары бос, қолданыстағы жабдықтар ескі және жарамсыз боп қалған. Қазына қаражаты емдік-сауықтыруға, қарызды өтеуге, жеке қажеттілігіне жұмсалып жіберілген.
Еркебұлан Бөрібеков, қалалық еңбек мобильділігі орталығының бөлім басшысы:
- Барған кезде заттары болмайды көбінің. Қағаз жүзінде ғана жақсылап суретке түсірген. Мысалы, кондитерлік дүкен аштым деп өткізген азаматтар заттарын сатып алдым деп ескі тоңазытқышын, ескі морозильнигін, пешін көрсетеді. Ол шот-фактурамен сәйкес келмегеннен кейін біз оны бірден айтамыз. Таныстырып, қолын қойғызып, кейін құқықтық қамтамасыз ету бөліміне өткіземіз. Олар ақшасын қайтаруға жатады.
10 адамның осындай әрекетін айғақтайтын материалдар сотқа жолданды. Ал қалғандардың ісі медиациялық тәртіппен қаралып, талан-таражға түскен қаражат жыл соңына дейін қайтарылады. Соңғы екі жылда кәсіп бастаймын деген әлжуаз топтағы және атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 1 миллиардтан астам теңге бөлінген. Оның 219 миллион теңгесі мақсатсыз жұмсалғаны әшкере болды.
Бекболат Әлиханов, қалалық еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары:
- Қайтарымсыз деген сөзді ұғынып алған. Ол қайтарымсыз егер де мақсатты түрде жаратылса, кәсібін дөңгелеткен жағдайда. Тоқсан сайын өзінің есебі бар. Есебін тапсырса. Былай айтқанда, өзінің тәртібі бар. Сол тәртібіне сәйкес алу керек.
Жергілікті билік өкілдері бірыңғай бағдарлама биыл да жалғасатынын мәлімдеді. Бұл қосымша жұмыс орнын ашып, тұрғындарды еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді. Биыл кәсіп ашуға ниетті 260 адамның әрқайсысына 1,5 миллион теңгеден қолдау көрсетіледі. Мамандар мемлекеттен көмек алушыларға заң мен тәртіп қағидаларын сақтауды ескертеді.
Сәрсен Құранбек, қала әкімдігінің ресми өкілі:
- Ол кісілер өздерінің кәсібін бастасын, сол арқылы жұмысын жүргізсін, салық төлесін және отбасын қамтамасыз етсін деген ниетпен мемлекеттің жасап жатқан көмегі. Еңбек нарығында 2024 жылғы жағдаймен алып қарасақ, жалпы жұмыссыздардың пайыздық өлшемі 4,8 құрайды.
Енді кәсіпкерлердің бизнес-жоспарларын қорғау процесі тікелей эфирде ұйымдастырылып, жобаларды тексеру үшін міндетті мониторинг жүргізіледі. Мұндай жаңа талаптар кәсіпкерлік жобалардың ашықтығын арттыруға және бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына бағытталған.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы