Қазақстандық зейнеткерлер тарихи отанына алғаш рет барды

Тарихи Отанға алғашқы сапар. Қазақстанда тұратын кәріс ұлтының зейнеткерлері Оңтүстік Кореяға саяхатқа шақырылды.

Алматыдағы корей ұлттық орталығы ұйымдастырған ерекше сапардың басты демеушісі бюджеттік әуе компаниясы. 

Оңтүстік Кореяға шақырылған Қазақстандағы корей диаспорасының ең қарт өкілі жуырда 91 жасқа толды. Николай Цой тарихи Отанында ешқашан болмаған. Ол Қиыр Шығыста дүниеге келген. Депортация кезінде 3 жаста болған, бірақ отбасын қазақ жерінде қалай жылы қарсы алғаны әлі күнге дейін есінде сақталып қалған. Николай Валентинович Алматыда педагогикалық институтты тәмамдап, 30 жылдан астам уақыт мұғалім болып еңбек еткен.

Николай Цой, Жетісу облысының тұрғыны:

- Корей ұлттық орталығының көмегімен мен ата-бабаларымыздың Отаны – Кореяға келдім. Қазақстан мен үшін және ата-анам үшін екінші Отан. Себебі біз осында келіп, өмір сүрдік. Қазір аман жүрген корейлер Қазақстан бізді ең жақын халық ретінде қабылдайтынына қуанады. Көп рахмет, Қазақстан!

64 жастағы Юрий Огай да тарихи Отанына алғаш рет табан тіреді.  Ол қазіргі Жетісу облысына қарасты Көксу ауылында туған. Сол ауылда  механик болып жұмыс істеп, бизнеспен айналысқан. Юрий қазақ тілін еркін меңгерген және қазақ ұлттық тағамдарына әбден үйренген.

Юрий Огай, Жетісу облысының тұрғыны:

- Әкем ауылда бас ветеринар-дәрігер болған, қазақша содан үйрендім ғой. Жазда тауға, жайлауға шыққанмын, ол жерде ешкім орысша сөйлемейді, бәрі қазақша сөйлейді, содан қазақша сөйлеп отырмын.

Тарихи Отанына барғысы келетіндер көп болған, бірақ Алматыдағы корей мәдени орталығы ең құрметті зейнеткерлерді ғана іріктеп алыпты.  Олар Алматы, Шымкент, Талдықорған, Қонаев қалаларының және Үштөбе ауылының тұрғындары. Бұл қайырымдылық сапар Корея тәуелсіздігінің 80 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Инна Ни, Алматы Корей Ұлттық орталығы төрағасының орынбасары:

- Иә, біз тарихи отанымызға ұмтыламыз, бірақ Қазақстан – біздің нағыз отанымыз. Қазақстан 1937 жылы күштеп қоныс аударылған корейлерді құшақ жая қарсы алды. Баспанамен, тамақпен қамтамасыз етті. Олар – ең қонақжай, ең адал халық.

Оңтүстік Кореяда қазақстандық делегация 4 күн болды. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Алматыдағы корей ұлттық орталығының өкілдері ұлттық тағам түрлерін қсынып, өнерлерін паш етуде жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде олардың қатысуымен Алматыда 30-дан астам шығармашылық ұжым жұмыс істейді.