«Хабар» ұжымы экологиялық сенбілікке қатысты
«Хабар» ұжымы агенттіктің 30 жылдығына орай «Астана Тазалық» қызметкерлерімен бірге сенбілікке шықты.
Экошара аясында елордадағы саябақта 100 түп ағаш отырғызылып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Қолдарына күрек, кетпен алған БАҚ өкілдері осылайша қаланың ажарын келтіруге өз үлестерін қосты.
Сенбілікке телеарнаның 200-ге жуық және «Астана Тазалық» мекемесінің жүзден астам қызметкері қатысты. Экошара аясында алдағы уақытта да қоршаған орта тазалығына үлес қосып, ынтымақтастықты арттыру мақсатында екіжақты меморандумға қол қойылды.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы:
- Негізінде бұл акция сананы өзгертуге бағытталған акция. Осы жерде өзіміздің де қатысуымызбен, қазақстандықтарды күнделікті тазалыққа шақырамыз. Басты мақсат бұл акцияның да, біздің қатысуымыздың да насихаттау жолындағы негізгі мақсат - қазақстандықтардың санасын өзгерту. Күнделікті өмірде әр адам айналасында тазалықты сақтап үйренуі керек.
Шараның мақсаты - халық арасында экологиялық белсенділікті арттыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу.
Астана Тазалық мекемесінің бас директоры Замир Сағынов мұндай шаралар азаматтардың мінез-құлқы мен ой-өрісіне ықпал ететін идеологияға айналып келе жатқанын атап өтті.
Замир Сағынов, «Астана тазалық» ЖШС бас директоры:
- Табиғатты қорғау өз болашағымызға жасап жатқан қадам деп есептеймін. 100 ағаш ертеңгі күні қаламызға тыныс береді деп есептеймін. 100 үміт ол. 100 тілек. Болашақ ұрпаққа көлеңке болатын, елімізге көркеюіне, көгеруіне жол ашатын қадам деп есептеймін. Осы бағытта әрі қарай да бірлесіп жұмыс атқарамыз деген ойдамыз.
Қала көркі-тазалық. Экологияның жақсаруына септігін тигізетін мұндай сенбіліктер алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Шара соңында Хабар агенттігінің ұжымы 30 жылдық мерейтойға арналған флешмоб ұйымдастырды.