Кеден бекеттерінде электронды кезек енгізіліп жатыр

Биылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 19 млрд АҚШ долларынан асты.

Ал Еуразиядық экономикалық одақ елдерімен алыс-бері 4 млрд долларға жуықтады. Әрине құрлықтың қақ ортасындағы еліміздің логистикалық әлеуеті зор. Сондықтан іргелес елдермен барыс-келіс алдағы уақытта арта түсетіні анық. Яғни логистикалық тұрғыдан беріліп тұрған мүмкіндікті мүлт жібермеу қажет. Бұл жағынан келгенде қызмет сапасын арттырған жөн. Мәселен қазір елде шекарадан өту кезегін электронды жүйеге көшіру жұмысы қолға алынды. Бұл қадам кеден бекеттеріндегі кептелісті жойып, кезекті жеделдетуге тиіс. 

Елдегі барлық кеден бекеттерінде «CarGoRuqsat» электронды кезек жүйесі енгізіліп жатыр. Бұған дейін Қазақстан-Ресей шекарасындағы 24 өткізу пунктінде іске қосылған еді. Жүйенің тиімділігін уақыт көрсетті. 200 мыңнан астам жүк көлігі электронды кезек арқылы өтті. Яғни жүйенің арқасында бекеттегі ұзынсонар кезек азайып отыр дейді мамандар. Мамыр айының соңына дейін Ресеймен арадағы «Жаңа жол», «Қайрақ», «Сырым» және «Жайсаң»  бекеттерінде электронды кезек жұмысын бастайды. Бұдан бөлек биыл Қырғызстанмен шекарадағы «Сартөбе», «Ауқатты», «Сыпатай батыр», «Айша бибі», «Қарасу» және «Қордай» пунктерінде енгізіледі. 

 ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті:

- «CarGoRuqsat» жүйесі тасымалдаушыларға шекарадан өту уақытын алдын ала брондауға мүмкіндік береді. Бұл процесті жеделдетіп, ашықтықты қамтамасыз етеді. Жүйе мемлекеттік органдардың 18 ақпараттық базасымен біріктірілген. Яғни тасымалдаушылар айыппұлдар мен берешектер, жүкті өткізуге қажет құжаттар және тағы басқа мәліметтер туралы алдын ала ақпарат алады. Жүйені енгізу арқылы адами факторды жою және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу көзделген.

Субсидия малға емес, өнімге төленеді

Субсидия мал санына емес, одан өндірілген өнімге төленеді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялаудың тиімділігі төмен болып тұр. Әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары. Сондықтан Үкімет жаңа тетіктер қарастырып жатыр. Мәселен шаруаларға ірі қараны бордақылау алаңдарына немесе ет комбинаттарына тапсырғанда қомақты субсидия беру қарастырылған. Бұл малдың саны мен сапасын арттырады. Сонымен қатар бордақылау алаңдары мен ет кәсіпорындарына жеңілдетілген несие беру көзделген. Яғни оларға асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ мал сатып алуға 5 пайыздық несие беріледі.

Геннадий Зенченко, Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы:

- Мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыты өндірілген өнімге негізделуі керек. Субсидиялар мал санына емес, нақты өндірілген өнімге төленуге тиіс. Бұл тәсіл бизнесті нәтижеге жұмыс істеуге және саланың дамуына жауапкершілікпен қарауға ынталандырады.

Фермерлер агротуризммен айналысады

Фермерлер өздеріне қарасты жерде агротуризммен айналысуына болады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Қазір елде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Егер фермерлер өз шаруашылықтарында туристік қызметті жолға қойса, қосымша жұмыс орындары ашылып, ауылдағы ағайынның әл-ауқатының артуына сеп болады деді министр. Сонымен қатар Ұлттық парктердегі жер телімдерін 49 жылға дейін жалға беру көзделіп отыр. Сала басшысы жалға беру мерзімі ұзарса, инвесторлар тарапынан қызығушылық артатынына сенімді. Кейінгі жылдары Ұлттық парктерде базалық инфрақұрылымы бар 8 сапар орталығы тұрғызылды.

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Еліміздің ұлттық парктеріне баратын экотуристер саны тұрақты түрде ұлғайып келеді. Былтыр 14 ұлттық паркке 2,8 млн адам барып, олардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 18 пайызға өсті. Артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әр ұлттық паркті негізгі туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жаңа сапар орталықтарын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар барлық ұлттық парктегі кіру жүйесін Бурабай паркінің тәжірибесі негізінде цифрландыру қажет.

Әр шетелдік турист елде 4 күн қонақ болды

Былтыр елге 10 млн 400 мың шетелдік турист келді. Олар елімізде орта есеппен 4 күн қонақ болды. Бұл есепке жұмыс бабымен немесе тұрақты тұруға келгендер енгізілген жоқ. Сондай-ақ ТМД елдерінен келген меймандарды санамағанда Қытай туристер саны бойынша көш бастап тұр. Шығыстағы көрші елден жыл бойы 655 мың адам арнайы келді. Визалық режимнің жеңілдеуі арқасында үндістандықтар саны артып, 146 мыңға жетті. Үштік Түркияның еншісінде. Бауырлас елдің 130 мың азаматы елде қонақ болды. Бұдан бөлек Еуропаның төріндегі Германиядан 92 мың адам саяхаттап келсе, оңтүстіккореялық туристер саны 40 мыңның шамасында болды. Саяхатшылар көбіне Қазақстанның көрікті жерлеріне барғанды ұнатады.

Шетелдік туристер

Барлығы – 10,4 млн

Қытай – 655 мың

Үндістан – 146 мың

Түркия – 130 мың

Германия – 92 мың

Оңтүстік Корея – 40 мың