Тері мен жүн экспортына кедендік баж салығы салынбайды
Осыған дейін фермерлер ұсақ мал терісінің әр тоннасына 200 еуродан, жүніне кемінде 50 еуродан салық төлеуге мәжбүр еді. Енді тері мен жүн экспортына кедендік баж салығы толықтай алынып тасталды. Тері мен жүннің ішкі нарықтағы сұранысын арттырып, өңдеу көрсеткішін көбейту мақсатында Үкімет осындай шешімге келді.
Себебі ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, былтыр 9 млн-нан астам тері өндіріліп, оның небәрі 2 пайызы жуығы өңдеуден өткен.
Қолының жылуын жіпке сіңіріп, жүректің сырын өрнекке өрген Раулан кілем тоқу ісін кәсіп қылғалы көп уақыт өте қойған жоқ. Спортқа деген құштарлығы оны әу баста ұшқыш болуға жетеледі. Алайда арманына бір табан жақын қалғанда жаһандық пандемия Рауланды мүлдем басқа арнаға бұрды.
Раулан Жалеев, кәсіпкер:
- Ұшқыштың оқуын оқуға Чехияға аттануым керек еді. Шенген визам да дайын болды. Бірақ, пандемияның керісінен бара алмадым. Сөйтіп Тик Ток желісінен бір қытайлық қыздың тафтингтік әдіспен кілем тоқыған видеосын көріп қалдым. Маған қатты ұнады. Өзім бала кезден қолөнермен айналысқан соң «неге байқап көрмеске» деп жай ғана ермек қылып, азғантай ақшама керекті құрал-жабдықты сатып алдым. Алғашқы 2-3 кілемді достарыма өте арзан бағада ұсындым. Кейін жұмысым туралы айтып, әлеуметтік желіде басқалармен бөлісіп ем, бірден бірнеше тапсырыс түсті.
Қазір Раулан 10-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Кілемді ешбір автоматты қондырысыз, толықтай қолмен тоқиды. Тапсырыстың көбі Еуропа елдерінен, Канада, АҚШ-тан түсетін көрінеді.
Раулан Жалеев, кәсіпкер:
- Кілемге керекті жіпті бастапқыда шетелден тауар әкелетін өзіміздің кәсіпкерлерден алатынмын. Бірақ, оның бағасы қымбатқа шығатын. Кейін тапсырыс көп түсе бастаған соң тікелей Түркиядан әкелетін болдым. Өйткені біздің елде әлі де сапалы өңделген теріні табу қиын. Ал шетелден әкелетін болған соң, ол әрине, тауар бағасының өсуіне әкеледі.
Иә, кілем өндірісінің дамуы шикізатқа тікелей байланысты. Рауланның сөзінше, өз елімізде тері өңдеу кәсібі жанданар болса, бұл жеңіл өнеркәсіптің едәуір алға жылжуына септігін тигізер еді.
Ал Жамбыл облысының тумасы Бекмұрат Мәнтиев 30 жылдан аса уақыт бойы тері қабылдаумен айналысып келеді. Жылына 30 тоннадан аса ірі қара мен ұсақ мал терісін қабылдап, шет елге жібереді. Алайда, кәсіпкер соңғы жылдары тері мен жүн өткізушілердің қатары сирегенін жасырмайды.
Бекмұрат Мәнтиев, шаруа қожалығының иесі:
- Бәрі ысырап болып жатыр. Ешкім қабылдамайды тері. Өндіруші жоқ бұл жақта. Кемелбек деген бауырымыздың жұмысы жақсы жүріп жатыр еді. Сол да тендер ала алмай, терінің бәрі далада қалды. Қазір енді мына сезон кішкене басталды. Ешкінің жүні. Өтеді де шығады осы 1-1,5 айдың ішінде. Одан кейін жұмысымыз уже саябырсиды.
Кәсіп иесінің сөзінше, ешкі жүні жоғары сұранысқа ие. Жиналған жүн бірден Қытайға жөнелтіледі. Сиыр мен бұқа терісін алушылар да жоқ емес. Ал жылқы терісін ешкім керек қылмаған соң, ақыры шіріп, қоқысқа кетеді. Алайда, қоқыс полигондарының өзі, мал терісі жануға келмейтіндіктен, өнімді алудан бас тартатын көрінеді.
Бекмұрат Мәнтиев, шаруа қожалығының иесі:
- Енді шынын айтқанда, бұл жерде Үкіметтің қолдауы керек. Жан-жақты қарастыру керек. Қолда бар алтынды біз жоғалтып жатырмыз да. Ауыл шаруашылығын көтерсе, елге де жақсы болар еді.
Қожалық иелеріне көмек ретінде биыл сәуір айынан бастап тері мен жүн экспортынан баж салығы алынып тасталды. Тері өнімдерін өңдеумен айналысамын дейтін кәсіпкерлерге 25 пайыздық субсидия да қарастырылмақ.
Марлен Оспанов, ҚР АШМ сыртқы сауда басқармасының басшысы:
- Шығарған шығынның 25 пайызын қайтару бойынша. Ол жүнге де, теріге де. Ол құру емес, тек қана құрал-жабдықтарын сатып алса да, 25 пайызға дейін қарастырылуы бүгінгі күні бар. Енді сонымен қоса біз бүгінгі күні қосымша жүнді өткізуге субсидия түрін қарастырып жатырмыз. Ол жүннің сапасына қарай 150-200 теңге тапсырылады. Қайта өңдеу кәсіпорнына биязы және жартылай биязы жүндерді тапсырғаны үшін 150-200 теңге кг-на төленетін болады.
Министрлік ақпаратына сенсек, елімізде 9 млн-ға жуық ірі қара мал басы тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда, 22 пайызға артық. Сондай-ақ, 20 миллионнан аса ұсақ мал бар. Алайда тері мен жүн өңдеу кәсібі әлі де тұралап тұр. Былтыр 9 миллионнан астам терінің 166 мыңы ғана өңдеуден өткен. Ал 35 мың тоннадан аса жүннің небәрі 8,4 пайызы ғана экспортқа шығарылған.
Раулан Жалеев, кәсіпкер:
- Егер баж салығы алынып тасталса, кәсіпорындар ашылып, көптеген жұмыс орындары пайда болар еді. Онда жіпті шетелден емес, отандық кәсіпкерлерден арзан бағада алуға мүмкіндік туады.
Иә, Үкімет ұсынған көмектен соң тері өңдеу кәсібіне қызығушылық танытушы кәсіпкерлер қатары артады деген үміттеміз. Әзірге мәселе уақыттың еншісінде.