Қызылорда облысында тазалық акциясына 20 мың адам қатысты

Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, оған 20 мыңға жуық тұрғын қатысты. 

Бұл жолғы шара «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – егіз ұғым» деген атаумен өтті. Акция барысында аймақтағы киелі орындар мен тарихи-мәдени ескерткіштердің айналасы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүрді. Қатысушылар қоқыс жинап, аумақтарды ретке келтіріп, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлесін қосты.

Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдегі барлық аудандар мен қалада жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Шара барысында тек тазалық қана емес, сонымен қатар саябақ қоршауларын жөндеу, жолдарды тегістеу және көшет егу жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Сыр өңірінде 72 нысан киелі орындар тізбесіне енген.

Данияр Жаналинов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Бұл – үлкен ізгі іс, рухани байлығымызды толтыратын шара. Сыр өңірі тарихы мол, тағылымы үлкен, қасиетті жер. Бұл акция тек қана біздің қоршаған ортамызды тазалау емес, сонымен қатар жастарға үлгі болатын өнегелі іс болады.

Игі шараға 20 мыңнан астам тұрғын атсалысты. Олардың қатарында зиялы қауым өкілдері, мекеме ұжымдары мен ерікті жастар бар. Жалпы облыс бойынша 200-ге жуық қасиетті орын мен зираттың аумағы қоқыстан тазартылды.

Мұндай жұмыстар өңірде алдағы уақытта да жүйелі жалғаса бермек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев