Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл: батыр туралы естеліктер

Қазақтың даңқты батыры Әлия Молдағұлованың туғанына биыл 100 жыл. 17 жасында майданға сұранып, ерлігімен елді тәнті еткен өр тұлға туралы естелік көп бүгінде. «Жауынгердің көзсіз ерлігі сөзсіз мойындалғанымен, әлі талай тың деректер табуға болады», – дейді тарихшылар.

Бұл тұнық көздер талай тауқыметтің куәсі болды. Қаршадай қыздың жанарынан тәлкекті тағдырды аңғару қиын емес. Расымен, Әлия жеті жасында жетім қалып, өмірдің майданына ерте кірді. Ал он жетісінде қарулы, қанды қақтығысқа ортасына тап болып, майданы нағыз кескілескен соғыспен жалғасты. Аз ғұмырында қуғынды да, қырғынды да көрді. Содан мінезі қатты, көзқарасы суық. 

Татьяна Суворова, Ә. Молдағұлованың ұстазы:

- Мінезі мүлдем балаға ұқсамады. Өте салмақты, бірбеткей. Айналаның бәріне мұқият. Барлық баланың ішінен Әлия ғана ер мінезді болды. Мұндай құбылыс жас балаға тән емес еді.

Бұл телеарнамыздың алтын қорында сақталған сирек сұхбат. Әлия Молдағұлованың ерте есейгенін ұстазының сөзінен аңару қиын емес. Бірақ батыр қыз берілмеді, қиындыққа мойымады. Жасынан зерек, оқуға құштар болды. Қабағы үнемі қатулы жүретін қаршадай қыз көп армандайтын. Ұшқыр қиял ұшқыш болуды қалады.

Сапура Молдағұлова, Ә. Молдағұлованың бауыры:

- Ол ұшқыш болуды армандады. Сондай адамдар туралы кітап іздеп, оқуға құштар еді. Кітапты таңға дейін тоқтаусыз оқи беретін. Тіпті қолынан күштеп тартып алуға тура келеді. Сол үшін шығармаларды жастығының астына жасырып жүреді. Алайда ол батыр болуды, ерлік жасауды армандаған жоқ. Әлия үшін ерлік борыш еді.

Батырлық борышка теңеген ару айбынды жолын ерте бастады. Небәрі 17 жасында соғысқа өзі сұранып, майдан даласына асықты. Бірақ буыны қатып, бұғанасы бекімеген қызды әскери комиссариат жібермеді. Алайда Әлия табанды еді, айтқан бетінен қайтпайтын қайсарлыққа таңырқап, амалсыз әйелдерге арналған мергендік даярлық мектебіне жіберді. Тарихта қалған жауынгерлік жол осы жерде басталды. 

Назерке Жолдиева, Ә. Молдағұлова мемориалды музейінің кіші ғылыми қызметкері:

- 6 ай әскери дайындықтан өтеді. Яғни түрлі мергендердің позициясын үйреніп, соғысқа аттанады. Теміржол бойын кесіп келе жатқан бригаданың құрамында болады. Сол жерде үлкен шайқас басталады. Командир жараланып, саптан шығып қалады. Бүкіл батальон кері шегіне бастайды сол кезде. Сол жағдайға қарамастан қазақ қызы бүкіл батальонды көтеріп, фашист траншеясына бірінші болып басып кіреді.

Бұл Әлияның соңғы шайқасы болды. Шептің алдына шығып, қолма-қол ұрысқа кіріскен батыр қызды неміс офицері атып жаралады. Әдепкіде барлау ротасының жауынгерлері ауыр жарақаттанған Әлияны төбесі шөп-қамыспен жабылған үйге жасырады. Десе де ол жерге снаряд түсіп өртеніп, үй ішіндегі жаралылардың бәрі қайтыс болады. Ұрыс аяқталғаннан кейін қаруластары өртенген үйдің ішінен Әлияның денесін алып шығып, жақын жердегі алма бақтың ішіне көмеді.

Міне, содан бері 80 жыл өтті. Қаршадай қыздың қайсарлығы ұмыт болмады. Әлия туралы талай ән, жыр, туынды жарыққа шықты. Батырын елі сағынады. Биыл 100 жылдыққа арнап Ақтөбеде жасанды интеллект көмегімен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың образына қайта жан бітті. Галограммада қазақтың аяулы қызы майданнан жақындарына хат жазып жатқан сәті көрсетіледі.

«Батырды белсенді насихаттағанымызбен, әлі күнге дейін толық зерттеп үлгермедік. Әлия туралы деректер тек куәгерлер естелігімен ғана шектелген». Тарихшы Өмірбай Жолдыбекұлы осылай дейді. Бір ғана дерек. Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағынан 11 млн-нан аса жауынгер қаза тапты. Соның тек 11 мыңы ғана Кеңес Одағының Батыры болған. Бұл атақ өте сирек берілетін. Соған қарамастан Әлия оны 18 жасында иеленді. Неліктен? Қаршадай қыз несімен ерекшеленді, оның қандай ерлігінен бейхабармыз?

Өмірбай Жолдыбекұлы, ЕҰУ Тарих факультетінің деканы:

- Бірінші кезекте зерттеу керек. Қайтадан, кеш емес. Соғыс кезеңдегі естелік, газет-журналдар бәрі бар. Енді кезекте сол өзі соғысқан 55-ші атқыштар бригадасының штабының құжаттарын көру керек. Командирлерінің ақпаратын зерттеу керек. Одан кейін соғысқа дейінгі кезеңдері күңгірттеу қалып отыр. Әлияның батыр атағын алғаннан кейін қалай насихатталып, ол ұрпақтарына қалай әсер еткені, бұған да қарау керек.

«Қаншама нәрсені бастан өткердік, есіме түсірсем, 18 жас емес, жарты ғасыр ғұмыр кешкен сияқтымын». Кеңес-герман соғысының қанды қасабына кірген қазақтың қаршадай қызы Әлия соңғы хаттарының бірінде осылай жазды. Бұл жолда жасымас жігер, қажымас қайрат, мұқалмас мінез жатыр. Ол қазақ тарихындағы батыр арулардың, тіпті соғыс қаһармандарының алдыңғы шоғырында тұр десек қателеспейміз. Әлия – уақыт сынынан өткен есім. Оның ғұмыры қысқа болса да, рухы мен есімі ұлт жадында мәңгіге сақталды.

Авторы: Бекзат Аманов