Шымкенттегі Қошқар ата өзені ластанып кеткен

Қошқар ата өзені ластанып барады. Жағалау күл-қоқысқа тола бастаған.

Шымкенттің эко белсенділері судағы  тіршілік үшін алаңдайды. Олардың айтуынша, кейінгі жылдары өзенге төгілген қалдықты тазартудың орнына бетін қиыршық таспен бүрке салатын болған. Бұдан бөлек, су деңгейі де төмендеп кеткен. Ал жергілікті билік өзенді тазалау жұмыстары басталғанын айтады. Ол жұмыстар қалай жүріп жатыр. Бұлақ көздерінен бастау алатын Қошқар ата өзенінің қала ішіндегі ұзындығы 21 шақырым.  Эко белсенділердің айтуынша,  су арнасын ластаушы көбейіп, соңғы жылдары санитарлық жағдайы нашарлап кеткен. Төгілген қалдық жиналып, өзен табаны қатқылданып қалған.

Сергей Ефремов, белсенді:

- Өзеннің түбіне қарасаңыз лай-батпақтан басқа ешнәрсе көрінбейді. Күл-қоқысқа толған. Оны білдірмес үшін әр жері  қиыршық таспен көмілген. Өзен арнасы мұндай жолмен тазартыламайды. Мұның барлығы су астындағы тіршілікке кері әсер етеді.

Биыл сала мамандары Қошқар ата өзенінің 26 нүктесінен сынама алған. Зертханалық талдау фауна мен экожүйенің бұзылғанын растады. Жалпы суға зиянды қалдық тастауға тыйым салынған. Сондықтан полицияға шағым жазуға болады.  Бұған дейін  екі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ермахан Қозыбаев қалалық экология департаментінің басшысы:

- Бұл Қошқар ата өзенінің үстіне дейін адамдар үй салып тастаған. Адам болғаннан кейін қалдықсыз болмайды. Ол жерде сұйық қалдық болуы мүмкін, қатты қалдықтар болуы мүмкін. Былтырмен салыстырғанда аздап ластану фактілері бар. Сумен ағып кетеді деп ойлайды. Ал бірақ оның арғы жағын ойламайды.

Жергілікті билік өзен бойын абаттандыру арқылы мәселені  шешуге болатынын айтады. Биыл жағалаудың 3,5 шақырымы табиғи тау тастырымен нығайтылып, табаны тазартылады.  Қала қазынасынан құрылысқа 1 млрд 400 миллион теңге қаралды. Заңсыз салынған қосалқы нысандар мен қоршаулардың учаскесін қайтару ісі қолға алынды. 

Мұрат Әбдірахманов, Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Қошқар атаның жанынан қазір көріп тұрғандарыңыздай, 3 метрге дейінгі аралықты ғана аламыз. Максималды түрде ағаштарды кеспей, табиғи ландшафтты қалдырып, нығайту жұмыстарын жүргіземіз.

Мемлекеттік конкурстың жеңімпазына құрылысты аяқтауға 8 ай уақыт беріледі. Алайда эко белсенділер оған дейін қоғамдық тыңдау өткізіп, жобалық құжаттаманы талқыға салуды сұрап отыр.