Жыл басынан бері 30-дан астам бала терезеден құлап кеткен
Иә, баланың қауіпке ұшырауына көп жағдайда ата-ананың салғырттығы себеп болып жатады.
Мәселен жыл басынан бері 30-дан астам бала терезеден құлап, оның үшеуі көз жұмған. Төтенше жағдай министрлігінің ақпаратына сүйенсек, оқыс жағдай еліміздің 14 аймағында тіркелген. Былтыр бұл көрсеткіш 200-ден асқан. Негізгі себеп пәтер терезелеріне қауіпсіздік торларының орнатылмауы мен ата-ананың баланы қараусыз қалдырауынан туындап отыр. Ал бірнеше күн бұрын ғана Астанадағы көп қабатты үйде тұрғындар балалардың шатырда ойнап жүргенін байқаған. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Тұрғын үй шатырына шыққан жеткіншектер көптің үрейін ұшырды
Көптің үрейін ұшырған бұл көрініс елордадағы «Инфинити» тұрғын үй кешенінде орын алғаны анықталды. Жағдайдың жай-жапсарын білу үшін учаскелік инспектормен бірге көпқабатты үйдің шатырын тексеріп көрмекке бекіндік. Алайда шатырға шығар есік құлыптаулы боп шықты. Десе де есіктің жоғарғы тұсындағы мына бір аяқ іздері көңілге күмән ұялатты.
Азамат Жаппаров, Астана қаласы ПД «Есіл» ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы:
- Олардың анық қалай кіргені белгісіз. Біз айта алмаймыз. Себебі көрген адам жоқ. Видео немесе фото ешқандай дәлел жоқ. Қазіргі уақытта кілт ОСИ-да.
Әлемжеліде таралған видеодан соң балалардың ата-аналары жауапкершілікке тартылған.
Азамат Садықов, Астана қаласы «Есіл» аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-бабына сәйкес ата-аналарына, заңды өкілдеріне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер де ол 1 жылдың ішінде қайталанатын болса 15 АЕК көрсетілген. Сонымен қатар, егер де кәмелетке толмаған балалар қайтадан басқа да құқықбұзушылықтар жасайтын болса, оларды уже арнаулы мектерге жіберу мәселесін қарастыруға болады.
«Жасөспірім кезең – баланың өзіне тереңірек үңілетін шағы. Мұндайда олар өздерін еркін, батыл сезіну үшін қауіпті қадамдарға бел буады», - дейді психологтар.
Асанәлі Хамзин, психолог:
- Кей жеткіншектер үшін шатырға шығу – қорқынышпен бетпе-бет келудің бір кілті іспетті. Сондай-ақ, биіктікке шығу арқылы іштегі адреналиннің артатыны да мәлім. Бірақ, бұдан бөлек, әлеуметтік желінің әлеуеті басым заманда балалар шатырға визуалды контент, өтімді сэлфи жасау үшін шығуы да мүмкін.
Иә, миллиондаған қаралым, мыңдаған лайкты жинау үшін тұрғын үй қабатына көтерілуді көздейтін жасөскіндердің саны азамаймай тұр. Түнгі 10-нан кейін ата-анасының қарауынсыз көше кезіп жүрген бозбалалар да жиі тіркеледі. Балалар оқыс жағдайға ұрынып қалмас үшін Полиция департаменті сәуірдің 10-ынан мамырдың 6-сына дейін «Жасөспірім» шарасын қолға алған.
Азамат Садықов, Астана қаласы «Есіл» аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Түнгі 11-ден кейін ата-анасыз жүрген балаларды анықтау бойынша 150-ден астам бала анықталды. Олардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал жыл басынан бері қаладағы Есіл ауданының өзінен ғана 700-ден астам кәмелет жасына толмаған баланың түн жарымда ересектердің бақылауынсыз жүргені белгілі болды. Мұндай жағдайда алдымен ата-анасына ескерту беріледі, қайталанса 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.