Жеңістің 80 жылдығы: Мәжіліс төрағасы Волгоградта форумға қатысты
«Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстан бойынша екі мыңға жуық еске алу, ғылыми-зерттеу, ағартушылық және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Мемлекет басшысының бастамасымен елдің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерде бес жүзден астам көшеге соғысқа қатысқан жергілікті қаһармандардың есімі беріледі».
Волгоградта өткен халықаралық форумда Мәжіліс төрағасы осылай деді. Ерлан Қошанов Жеңістің 80 жылдығына арналған жиында Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат шежіресіндегі ең қайғылы оқиғаның бірі ретінде көпұлтты Қазақстанның ортақ тарихының бір бөлігі болып қалғанын атап өтті. Сондай-ақ сапар барысында Мәжіліс делегациясы Мамаев қорғанындағы еске алу іс-шараларына қатысты. Мұнда депутаттар Сталинград қорғанысы кезінде ерлікпен шайқасқан қазақстандықтарға арналған ескерткішке және әскери ұшқыш Нұркен Әбдіровтің тақтасына гүл шоқтарын қойды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Біз осынау қасиетті жерде Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жиналып отырмыз. Бұл Жеңіс – дүниежүзілік маңызы зор тарихи оқиға. Соғысты, қаһармандарды, олардың ерлігін мәңгі есте сақтау – біздің қасиетті борышымыз. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөзін айтқым келеді: «Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды».