Түркістан архивінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты құнды құжаттар сақтаулы тұр

Том-том құжаттар, сарғайған қағаздар, майдан даласынан жазылған хаттар. Сұрапыл соғыс жылдарынан естелік болып қалған бұл құжаттар қазір Түркістан облысының  мемлекеттік архивінде сақтаулы тұр, деп хабарлайды 24kz.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Архив сөресіндегі 199 бен 200-ші қорда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты тың деректер сақталған. Біріншісі майданнан аман оралған ардагерлерге қатысты ақпараттар болса, екіншісінде сұм соғыстың салдарынан жат жерде тұтқынға түсіп, тағдыр тауқыметін тартқан жауынгерлердің тізімі. Жан тапсырғандар мен із-түзсіз кеткендер қаншама?! Оларға қатысты деректерді архивке туған-туыстары мен ұрпақтары өткізген.

Гүлнұр Әмзеева, архив қоймасының меңгерушісі:

- Тізім бойынша ардагерлердің үйіне барып, жинақтау жұмыстарын жүргіземіз. Сол кісілердің ұрпақтарына осындай құжаттардың тізімін береміз. Қандай құжаттар керек екенін, ол кісінің құжаттарының бәрі аса құнды екенін жеткіземіз. Сол бойынша жинақтаймыз, архив қызметкерлері оны тек қоймаға сақтау үшін емес, оны жарыққа шығарумен де айналысады. Ол туралы мәліметтер жазылады, зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Оқушылар, студенттер сол тақырыпта қорғайды.

Қорда әскери тұтқындарды қоса алғанда 63 майдангердің жүзден аса жеке құжаты бар. Тіпті мұнда кейбір сарбаздардың тұтқынға түсіп, ауыр жұмысқа жегілгенін растайтын анықтамалар сақталған. Сарғайған суреттер, елде қалған отбасына жазған сағынышқа толы хаттар, қиян-кескі соғыс жүріп жатқан майдан шебінде жазғалған өлеңдер сұрапыл жылдардың ескірмес естелігі іспетті.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Мәселен сарғайған мына қағаздағы өлең жолдарын жас жауынгер Тұрды Махамбетов 1943 жылы майдан даласынан туыстарына жолдаған екен.

Тап болдық суық хабарға,

Жорыққа бара жатқанда.

Орманда едік солдаттар,

Сібірлеп боз таң атқанда.

 

Жинал деді командир,

Ұқтырып дереу іс мәнін.

Бір сойқанды іш сезді, 

Төнгенін біліп дұшпанның, - дейді. Осы екі шумақ өлең жолдарынан қан майдандағы кескілескен ұрыстың қаншалық ауыр, қасіретті болғанын аңғару қиын емес.

Мұндағы әр құжат сұрапыл жылдардан сыр шертеді. Сыны кеткенмен сыры кетпеген құнды дүниелер. Ал оларды қаз-қалпында сақтау үлкен жауапкершілікті қажет ететінін айтады архив қызметкерлері.

Гүлнұр Әмзеева, архив қоймасының меңгерушісі:

- Барлығын қалыпты қараңғы бөлмеде ұстау керек. Жарық түспеу керек және ылғалды болмау керек. Барлығы сәйкес болуы керек, температурасы да. Кез келген маман қоймаға кіріп, құжаттарды ала алмайды. Бас қор сақтаушы рұқсатын берген кезден бастап құжаттарға кіруге рұқсат бар.

Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінде 318 мыңнан астам құнды құжат бар. Мұрағат ұжымы Жеңістің 80 жылдыңына орай түрлі шараларды қолға алды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты құжаттарды көпшілікке таныстыру мақсатында облыстағы 8 ауданында көшпелі көрмелер өткізіп жатыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш