Шымкенттегі «Даңқ мемориалында» қашалған соғыс ардагерлерінің есімі толығады
Шымкентте соғыс ардагерлерінің тізімі жазылған «Даңқ мемориалындағы» тақтайшаға тағы 26 майдангердің есімі қашалады, деп хабарлайды 24kz.
Олар сұрапыл заманда соғыс даласына Сарыағаш, Төле би, Сайрам аудандары мен бұрынғы облыс орталығынан аттанған. Республикалық «Атамның аманаты» ұйымының іздеу тобы ардагерлерге тиесілі «Даңқ ордендері» мен «Ерлігі үшін» медальдарын майдан даласынан тапқан. Осыдан кейін жаңа есімдерге зерделеу жұмыстары жүріп, әскери комиссариаттарда тіркелмей қалғаны белгілі болды. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жауынгерлердің есімін мәрмәр тасқа қашап жазу туралы шешім қабылданды.
Серікбай Оңбаев, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері РҚБ Шымкент филиалының төрағасы:
- Олар соғысқа қатысқан, сол жерде ауыр жарақат алып, госпитальда ем қабылдаған. Көзі тірісінде алған ордендары, медальдері, ол кісінің майданға қатысқаны жөніндегі мәліметтер бізге келіп жатыр. Бірақ бізде әскери комиссариаттарда ол кісілердің майданға кеткені жөнінде деректер жоқ. Өйткені ол кезде сапырылыс заман болды ғой.