Қайтарылған активтер есебінен ШҚО-да дәрігерлік амбулатория салынады

Шығыс Қазақстан облысы Волчанка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысын аяқтауға қосымша 67 миллион теңге бағытталады, деп хабарлайды 24kz.

Ол Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінеді, яғни, елге қайтарылған активтер есебінен жүзеге асады. Бүгінде нысанның құрылысы 65%-ке орындалды. Қазір оған инженерлік желілер жүргізіліп жатыр. Дәрігерлік амбулатория келер айда пайдалануға берілуі тиіс. Жалпы елде «Ауылда денсаулықты сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асуда. Оның аясында 655 нысанның құрылысы жоспарланған. Бүгінде оның 467-сі салынды. Алдағы уақытта тағы алғашқы медициналық-санитариялық көмек ғимараттарын салуға және ауруханаларды реконструкциялау көзделіп отыр. Оған республикалық бюджеттен және Арнаулы мемлекеттік қордан қаржы бөлінбек.